Астана қаласындағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы жанынан 2022 жылы құрылған «Сабақтас» күміс волонтерлер клубы бүгінде өз жұмысын жүйелі түрде жалғастырып, жас ұрпақтың рухани-мәдени дамуына, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге және қоғамдағы ізгілік пен жанашырлықты нығайтуға өзіндік үлесін қосып келеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Клубтың басты мақсаты – аға буынның өмірлік тәжірибесін, білімін, өнегесін жас ұрпаққа жеткізу, олардың бойына ұлттық тәрбие мен тарихи сананы сіңіру, халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдени мұрасын дәріптеу. Ұлы тұлғалардың өмір жолын таныстырып, тарихымызды тереңірек түсіндірумен қатар, шеберлік сабақтарын өткізу арқылы ұрпақтар арасындағы байланысты нығайту.
Бүгінгі цифрлық заманда балалар мен жасөспірімдердің уақытын смартфонға телміріп өткізбей, пайдалы істерге бағыттау – маңызды міндеттердің бірі. Осы мақсатта ұмыт бола бастаған киіз басу, кілем тоқу, құрақ құрау, тоқыма тоқу, кесте тігу секілді ұлттық қолөнер түрлерін үйрету, қыз балаларға ұлттық тәрбие мен ісмерліктің мәнін ұғындыру қажеттілігі туындады. Осындай ізгі мақсаттар мен бағыттарды тоғыстырған «Ұлы дала мұрасы» жобасы дүниеге келді.
Қазіргі таңда клуб аясында бірнеше бағыт бойынша жобалар жүзеге асырылуда. «Таным» зияткерлік клубын ұлағатты ұстаз Г. Қонақбаева басқарып келеді. Жобаның негізгі мақсаты – жастардың дүниетанымын кеңейту, тарихи танымын тереңдету, білімге деген қызығушылығын арттыру.
«Ұлағат» әдебиет клубының жетекшісі Исмурзина жас буынның әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттырып, рухани дүниесін байытуға бағытталған жұмыстар жүргізуде.
Жоба аясында балалардың кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, көркем әдебиетке қызығушылығын ояту, отбасылық оқу дәстүрін жаңғырту бағытында жұмыстар атқарылуда.
Ал «Әжемнің ертегісі» жобасы арқылы Қазақ радиосының ардагер дикторы және Құрмет орденінің каволері -Күләш Қайланқызының еңбегін ерекше атап өткен жөн. Ол Ұлттық кітапханада және балалар кітапханаларында бүлдіршіндерге ертегі оқып, халқымыздың ауыз әдебиетін, ұлттық тәрбиені жас ұрпақтың бойына сіңіруге атсалысып жүр. Бұл – ертегі арқылы ұрпақ тәрбиелеудің тамаша үлгісі.
«Таза Қазақстан» жобасы аясында медицина ғылымдарының кандидаты Р. Сүндетова салауатты өмір салтын насихаттап, қоршаған ортаны қорғау, тазалық мәдениетін қалыптастыру және денсаулықты күту бағытында белсенді жұмыс жүргізуде.
«Инклюзивті волонтерлік» жобасының жетекшісі У. Сүлейменова ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс жүргізіп келеді. Жоба аясында балаларға арналған ұлттық ойындар ұйымдастырылып, мерекелік іс-шаралар өткізіледі. Сонымен қатар қайырымды жандардың, демеушілердің қолдауымен балаларға сыйлықтар табысталып, олардың жүздеріне қуаныш сыйлануда. Бұл бағыттағы жұмыстың басты мақсаты – әр баланың қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезіндіру, мейірім мен қамқорлық көрсету.
«Сабақтас» күміс волонтерлері жас ұрпақтың рухани тәрбиесімен қатар, олардың азаматтық көзқарасын қалыптастыруға, қоғамдық өмірге белсенді араласуына да ерекше көңіл бөледі. Осы бағытта Мемлекет басшысы ұсынған жеті кітапты оқушылармен және студенттермен бірлесе оқып, талқылау жұмыстары жүргізілуде. Мұндағы мақсат – жастардың ой-өрісін кеңейту, ел тарихы мен бүгінгі қоғамдық өзгерістерге деген қызығушылығын арттыру, азаматтық ұстанымын қалыптастыру.
Сонымен қатар жаңа Конституция жобасы мен заңнамалық өзгерістерге қатысты қоғамдық талқылауларға да белсенді атсалыстық. Қырыққа жуық заңның баптарына өзгерістер енгізу мәселелері талқыланған кезеңде «Серпін» қоғамдық қорының «Астана онлайн» жобасы аясында Парламент депутаттары М. Әбенов, Бақытжан Базарбек сынды азаматтармен бірлесе отырып, өз ой-пікірлерімізді ортаға салдық.
Бұл кездесулер күміс буын өкілдерінің ел өміріндегі маңызды мәселелерге бейжай қарамайтынын, өз азаматтық ұстанымы мен өмірлік тәжірибесін қоғам игілігіне бағыттауға дайын екенін көрсетті. Біз үшін ел болашағына қатысты мәселелерге үн қосу – азаматтық парыз әрі ұрпақ алдындағы жауапкершілік.
Клуб мүшелері Мемлекет басшысы көтеріп жүрген «Адал азамат», «Адал еңбек», «Адал табыс» қағидаттарын жүзеге асыруға да өз үлестерін қосып келеді. Өйткені адал еңбек пен қоғамға қызмет ету, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – волонтерлік қызметтің негізгі өзегі.
«Сабақтас» күміс волонтерлері тек әлеуметтік және мәдени бағыттармен шектелмей, халықаралық деңгейдегі спорттық іс-шараларда да белсенділік танытып жүр. 2024 жылы өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына клубтың 20-ға жуық волонтері қатысып, өз қызметтерін абыроймен атқарды. Ал биылғы өткен «Болашақ ойындары» халықаралық спорттық додасында 30-ға жуық волонтер ұйымдастырушылық және қоғамдық жұмыстарға атсалысты. Бұл – күміс буын өкілдерінің қоғам өмірінен шет қалмай, кез келген маңызды бастамаға белсенді түрде қатыса алатынының айқын дәлелі.
Волонтерлік қызметтің қоғамдағы орны мен маңызының артуы мемлекет тарапынан да қолдау тауып отыр. Қазақстан Республикасының Конституциясында волонтерлік қызмет пен қайырымдылықты қолдау мәселесінің бекітілуі – ізгілік пен азаматтық бастамалардың маңызын айқындайтын маңызды қадам. Бұл – қоғам игілігі үшін ақысыз еңбек етіп жүрген барша еріктілер үшін қуанышты жаңалық.
Біз үшін волонтерлік – жай ғана қоғамдық жұмыс емес. Ол – жүректің қалауы, адамға деген жанашырлық, қоғамға пайда тигізуге деген шынайы ниет. Әсіресе күміс волонтерлер үшін бұл – жинақтаған өмірлік тәжірибесін кейінгі ұрпаққа аманаттау, ел игілігіне қызмет ету мүмкіндігі.
«Сабақтас» атауының өзінде үлкен мән жатыр. Ол – өткен мен бүгінді, аға буын мен жас ұрпақты жалғайтын алтын көпір. Біздің басты мақсатымыз – ұлттық мұрамызды ұлықтау, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосу, мейірімділік пен адамгершілікті насихаттау және белсенді өмір салтын қалыптастыру. Өйткені ұлттың болашағы – тәрбиелі ұрпақта, ал ұрпақтар сабақтастығы – елдің рухани байлығы!
Л.Өтеғұлова,
“Сабақтас” республикалық күміс волонтерлер үйлестірушісі :