Астана қаласына жұмыс сапарымен келген Қырғыз Республикасының Еңбек, әлеуметтік қамсыздандыру және көші-қон министрлігіне қарасты бірқатар құрылымдардың өкілдері елордадағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қырғызстандық делегация құрамында министрліктің мүгедектігі бар адамдар және егде жастағы азаматтар мәселелері жөніндегі басқармасының мамандары, медициналық-әлеуметтік сараптама орталығының, оңалту мекемелерінің және әлеуметтік стационарлық ұйымдардың басшылары болды.

Тағылымды кездесу аясында делегация мүшелері Астана қаласы әкімдігінің Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Сарайшық» ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінде болып, мекеменің тыныс-тіршілігімен, жұмыс бағыттарымен және егде жастағы азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік қызмет түрлерімен танысты.
Қонақтарға орталықтың негізгі қызмет бағыттары таныстырылып, зейнеткерлердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, денсаулығын нығайту, шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамыту, қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік жасау бағытындағы жұмыстар көрсетілді. Әсіресе, аға буын өкілдерінің өмір сапасын жақсартуға, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға және салауатты қартаюына жағдай жасауға ерекше назар аударылды.

Кездесу барысында Қырғыз Республикасынан келген делегация өкілдеріне Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жұмысы жан-жақты таныстырылды. Таныстыру шарасы орталықтың ресепшн бөлімінен басталып, зейнеткерлерді тіркеу тәртібі, күнделікті қабылдау үдерісі мен көрсетілетін әлеуметтік қызметтер туралы ақпарат берілді. Одан кейін қонақтар сауықтыру және спорттық үйірмелердің жұмысын тамашалады.

Кездесуге Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері мен Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының басшылығы қатысты. Тараптар әлеуметтік қызмет көрсетудің тиімді тәсілдері, егде жастағы азаматтарды қолдау, белсенді ұзақ өмір сүру мәдениетін қалыптастыру және әлеуметтік жобаларды дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.
«Тәжірибе алмасу – әлеуметтік қызмет сапасын арттырудың маңызды тетігі. Бұл сапар – екі ел арасындағы әлеуметтік саладағы ынтымақтастықты нығайтып, озық тәжірибелермен бөлісуге жол ашатын маңызды кездесу. Осындай тағылымды жүздесулер әлеуметтік қызмет сапасын жетілдіруге, өзара тәжірибе алмасуға және аға буынның өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жаңа бастамаларға серпін береді» - деп пікір білдірді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы директорының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Эльвира Шамшикенова.
Қырғызстандық әріптестер елордада аға буын өкілдеріне жасалып отырған жағдайларға, олардың қоғам өміріне араласуына мүмкіндік беретін бастамаларға қызығушылық танытты. Орталықтың жұмысы қарттық кезеңді тек демалыс уақыты емес, жаңа мүмкіндіктер мен белсенді өмір кезеңі ретінде қалыптастырудың жарқын үлгісі екенін атап өтуге болады.