Детектив пен фантастика — әдебиеттің ерекше қыры

Детектив пен фантастика — әдебиеттің ерекше қыры
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Детектив пен фантастика: жанрлық әдебиет» тақырыбында панельдік пікірталас өтті.

Іс-шараның мақсаты – кітап оқу мәдениетін дамыту, қазақ әдебиетіндегі жанрлық прозаны насихаттау және оқырман қауымның талдау мен пікір білдіру дағдыларын қалыптастыру.

 Қазір детектив, фантастика, мистика сияқты жанрлар оқырманның, әсіресе жастардың назарын көбірек аударып отыр. Құпиясы мол сюжет, ғылыми болжам мен адам жанының қайшылықтары тоғысқан шығармалар оқырманды терең ойлануға және өз пікірін дәлелдеуге жетелейді. Пікірталаста Төлен Әбдіктің «Оң қол» әңгімесі арқылы жанрлық әдебиеттің мүмкіндіктерін ашу діттелді.

 Қатысушылар шығармадағы детективтік ізденіс, фантастика, мистика және психологизм қалай сабақтасатынын, сондай-ақ адам бойындағы екі күштің күресі мәселесін талқылады. Пікірталас барысында жастардың кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, заманауи оқырманның талғамын зерделеу және қазақстандық авторлардың шығармаларын кеңінен таныту мәселелеріне де назар аударылды.

Кездесуге кітапхананың «Үздік оқырманы», ақын Ықылас Ожайұлы арнайы қонақ ретінде қатысып, Төлен Әбдіктің «Оң қол» әңгімесіндегі мистика, фантастика мен психологизмнің сабақтастығы, сана мен бейсананың арақатынасы және адам бойындағы жақсылық пен жамандықтың күресі жөнінде ой бөлісті.

Іс-шара соңында Астана қаласының «Кітап оқитын ұлт» өңірлік жобалық кеңесінің басшысы Жақсыбай Боранбаев университетімізді, Ықылас Ожайұлын және Ғылыми кітапхананы жобаны іске асыруға белсене атсалысқаны үшін алғыс хатпен марапаттады.

Аталған іс-шара отандық әдебиетті қолдауға, жанрлық әдебиеттің дамуына серпін беруге және жастар арасындағы кітап оқу мәдениетін дәріптеуге бағытталды.