Елордада полиция мен педагогтер форумы өтті

Елордада полиция мен педагогтер форумы өтті
фото: polisia.kz

Астанада кәмелетке толмағандар арасында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу мәселелеріне арналған форум өтті. Оған елорданың барлық мектептерінің психологтері мен тәрбие жұмысына жауапты мамандары қатысты. Іс-шараны Астана қаласының полиция департаменті қалалық білім басқармасымен бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жыл басынан бері елордалық полиция білім беру ұйымдарында профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Оқушылармен кездесулер, дәрістер, ашық диалогтер мен түсіндіру шаралары ұйымдастырылып, жасөспірімдердің есірткінің заңсыз айналымына тартылуына жол бермеуге басымдық берілуде. Бұл ретте балалармен тікелей жұмыс жүргізумен қатар, олардың күнделікті ортасында жүрген ересектермен өзара байланысты нығайту да маңызды. Форум барысында қатысушылар қазіргі ахуалды талқылап, жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың қатысуымен тіркелген есірткі құқық бұзушылықтарының деректерін қарастырды. Сондай-ақ жасөспірімдердің заңға қайшы әрекеттерге баруына ықпал ететін себептер мен жағдайларға талдау жасалды. Кездесуде қауіптің алғашқы белгілерін дер кезінде байқау, оқушылардың мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аудару және педагогтер мен мектеп психологтерінің уақтылы әрекет ету мәселелері кеңінен сөз болды.

Қатысушыларға профилактикалық жұмысты тиімді ұйымдастыру, күмән тудыратын белгілерді анықтау және ықтимал қауіптердің алдын алу жолдары түсіндірілді. Талқылауда ата-аналармен өзара іс-қимыл мәселесіне де ерекше мән берілді. Атап айтқанда, ата-аналар жиналыстары мен сыныптық және жалпы мектептік чаттарды есірткі қаупі туралы сенімді ақпарат таратуға, оның зардаптарын түсіндіруге және отбасыларды дер кезінде хабардар етуге тиімді пайдалану қажеттігі айтылды. Баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге бейжай қарамай, қауіптің алдын алуда ата-аналардың да белсенділік танытуы маңызды. Форум ашық кәсіби диалог форматында өтіп, білім беру ұйымдарының өкілдері өзара пікір алмасты. Қатысушылар профилактикалық жұмысты күшейту, ата-аналармен тұрақты кері байланыс орнату және полиция органдарымен ынтымақтастықты жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды. Кездесу қорытындысында балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектеп, отбасы және құқық қорғау органдарының күш біріктіруі қажеттігі атап өтілді. Профилактикалық жұмыс жекелеген дәрістермен немесе бір реттік шаралармен шектелмей, жүйелі әрі үздіксіз жүргізілуі тиіс.