Реформалардың қорытынды кезеңі

Реформалардың қорытынды кезеңі
фото: Aqorda

Кеше Президент Премьер-министрмен және Құрылтай Төрағасымен консультациялар өткізгеннен кейін, мәслихаттардың өкілетін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл рәсім Конституцияның 88-бабының 5-тармағында көзделген. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған саяси реформалардың қорытынды кезеңі болмақ. Конституциялық реформа (референдум) өтіп, жаңа Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысы басталған соң және Вице-Президент институты енгізілгеннен кейін, мәслихаттардың жаңа құрамын қалыптастыру биылғы саяси өзгерістер үдерісін қорытындылауға тиіс.

Мәслихаттар тиісті аумақ тұрғындарының мүддесін білдіреді, жергілікті бюджеттерді бекітеді және өңірлердің дамуын бақылауға қатысады. Осыған байланысты алдағы депутаттық корпусты жаңарту жергілікті өкілді органдардың құрамын өзгертумен ғана шектелмейді. Бұл – азаматтардың мүддесін сапалы әрі тиімді білдіру мәселесі.Сайлау барысында сайлаушылар кандидаттардың жергілікті проблемаларды білу деңгейін және оларды шешу жөніндегі ұсыныстарын бағалай алады.

Қазақстанның болашағы мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігіне, заң үстемдігіне және қоғамның белсенділігіне тікелей байланысты. Мәслихаттар жергілікті халықтың мүддесін білдіретін маңызды институт болғандықтан, олардың қызметіне қатысты құқықтық мәселелердің нақты әрі уақытылы шешілуі өзекті. Мұндай жағдайда барлық заңды негіз ескеріліп, шешім қабылдау үдерісі ашық әрі түсінікті болуы қажет. Азаматтардың сенімін сақтау, депутаттардың жауапкершілігін арттыру және жергілікті басқару жүйесін жетілдіру – ел дамуы үшін маңызды міндеттер. Әрбір қадам заң талаптарына сай жасалып, халықтың мүддесіне қызмет етсе, қоғамдағы сенім мен тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік береді. Мәслихат депутаттарының жаңа құрамын қалыптастыру жергілікті басқару жүйесі үшін маңызды. Депутаттардың жұмысы тұрғындардың өзекті мәселелерін қаншалықты түсініп, оларды шешуге бағытталған нақты ұсыныстар жасай алатынымен бағалануы тиіс. Алдағы сайлау азаматтарға кандидаттардың ұстанымдары мен ұсыныстарын салыстырып, саналы таңдау жасауға мүмкіндік береді.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ, ұстаз, еңбек ардагері