Газ тарату инфрақұрылымы жұмысы қалыпты

Газ тарату инфрақұрылымы жұмысы қалыпты
фото: Астана қаласының әкімдігі

Елорданың барлық әлеуметтік нысанына, қаладағы 3628 көппәтерлі үйдің барлығына дерлік жылу берілді. Мамандар инженерлік желілердің жағда­йын бақылауды жалғастыруда, газ тарату инфрақұрылымы да қысқа дайын.

Астанада тұрғын үйлерді жылытуға қосу аяқталды. Қалалық Энергетика басқармасының мәліметінше, елорданың жылумен жабдықтау жүйесі қысқы кезеңге 100% дайын, ал жылыту маусымы штаттық режимде өтуде. Барлық әлеуметтік нысанға жылу берілді.

9 қазандағы жағдай бойынша 3628 көппәтерлі үйдің 3625 тұрғын үйі жылумен жабдықтау жүйесіне қосылған. Қалған ғимараттардағы жұмысты жылыту маусымы басталғаннан кейін бірнеше күн ішінде аяқтау жоспарлануда. Жылу желілерін біртіндеп толтыру және тұрақтандыру, жылу тасымалдағыштың қысымы мен параметрлерін тексеру үшін кезең-кезеңмен қосу қажет. Бұл тәсіл ықтимал ақауларды анықтауға және тұтынушылар қосылған кезде жүйенің жұмысын реттеуге мүмкіндік береді.

Қыс мезгіліне дайындық барысында 1-ЖЭО және 2-ЖЭО қазандықтары мен турбиналарына жөндеу жұмысы, сондай-ақ қалалық жылу магистралдарындағы жұмыс жүргізілді.

Биыл қалада 6,7 шақырым жылу желілеріне күрделі жөндеу жүргізілді және қайта жаңарды. Ағымдағы жөндеу аясында тағы 22 нысанда жалпы ұзындығы 2,2 шақырым құбырлар толығымен ауыстырылды. Инвестиция бағдарламасы бойынша да жұмыс жүргізіліп, 15 нысанда 6787 метр құбыр ауыстырылды. Бұл іс-шаралар жылумен жабдықтау сенімділігін арттыруға және қысқы жүктемелер кезеңінде авариялар қаупін азайтуға бағытталған. Энергетика басқармасының мәліметінше, төтенше жағдайлар тіркелген жоқ.

Тұрғындардың өтініштері – «Астана-Теплотранзит» АҚ қызметінің бақылауында. Коммуналдық кәсіпорындар мен энергетика кешені күшейтілген жұмыс режиміне ауысты, ал желілер мен жабдықтардың жай-күйі жылыту кезеңінде тәулік бойы бақыланбақ. Газ инфрақұрылымы да қысқа дайын. Суық күндерге дайындықтың маңызды бөлігі – газ тарату желілерінің сенімді жұмысы.

QazaqGaz Aimaq АҚ деректері бойынша өңірлердегі газ инфрақұрылымы 2026-2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге толық дайын. Қыркүйектің екінші онкүндігінде компания дайындық шараларын аяқтап, жергілікті атқарушы органдармен келісілген және 11 қыркүйекте бекітілген қажетті дайындық паспорттарын алды. Мамандар 77 мың шақырымға жуық газ тарату желілерін дайындады. Бұған 6 мыңнан астам қызметкер жұмылды. Олар газ реттеу пункттеріне, ажыратқыш құрылғылар мен электрхимия қорғанысы құралдарына техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмысын жүргізді, сондай-ақ газ құбырларын тексерді.