11-14 қазан күндеріне Прези дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Бельгия лықтар Королі Филипп және Патша йым Матильда Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында Қазақстан мен Бельгия арасындағы сан қыр лы ынтымақтастықты нығайту перспективасы талқыланды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король Филипп және Патша йым Матильда «Қазақстан-Бельгия» іскерлік кеңесінің 4-отырысына және екі ел жоғары оқу орындары рек торларының форумына, сондай-ақ басқа да іс-шараларға қатысты. Сапар қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме қабылданып, бірқатар құжатқа қол қойылды. Ақордада елімізге мемлекеттік сапармен келген Бельгиялықтар Королі Филипп пен Патшайым Ма тильданы ресми қарсы алу рәсімі өтті. Мәртебелі меймандардың құрметіне Әскери әуе күштерінің тікұшақтары Қазақстан мен Бельгияның Мемле кеттік Туларын желбіретіп, Ақорда алдынан ұшып өтті. Салтанатты рәсім барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король Филипп бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қа рауылы ротасының бастығы рапорт берген соң, Президенттік оркестр екі елдің әнұрандарын орындады. Содан кейін Шығыс залында шағын құрамдағы кездесу өтті. Келіссөз барысында Президент Бельгиялықтар Королі мен Патшайы мының Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары екіжақты серік тестіктің жаңа кезеңіне жол ашатын тарихи уақиға екенін атап өтті.

«Қазақстан – біз үшін маңызды ел»
«Сізді Астанада қарсы алғаныма қуаныштымын. Бұл – мен үшін зор мәртебе. Тарихи сапарыңыз жұртшылықтың үлкен қызығушылығын тудырды. Қазақстанға келген делегация құрамына Үкімет пен аймақтық билік, іскерлік топтар, академиялық қауымдастық және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері енген. Сіз Тақ мұрагері ретінде Қазақстанға үш мәрте келген едіңіз. Елімізбен қарым-қатынасты дамыту жөніндегі ниетіңізді жоғары бағалаймыз. Сіздің қолдауыңызды әрдайым сезінеміз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгияны Қазақстанның Еуропадағы уақыт сынынан өткен сенімді серіктесі деп санайтынын жеткізді.
«Келесі жылы елдеріміздің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 35 жыл толады. Осы жылдарда шынайы достық пен өзара құрметке негізделген тығыз қарым-қатынасты жолға қойдық. Үздіксіз саяси диалог ынтымақтастығымыздың берік тұғыры іспеттес. Біз жетістіктеріңізді ұдайы қарап отырамыз. Бұл шын мәнінде таңғалдырады. Сіздерден үлгі алып, тәжірибелеріңізді үйренуіміз қажет. Бельгияға бес жыл бұрын жасаған сапар барысындағы мазмұнды келіссөздерді ықыласпен еске аламын. Биыл маусым айында Бельгияға барған сапарымда Премьер-министр Барт де Вевермен келіссөз жүргізіп, серіктестікті нығайтуға қос тарап та бейіл екенін растадық» деді Мемлекет басшысы.
Король Филипп пен Патшайым Матильда қонақжайлығы және сый-құрметі үшін Қазақстан Президентіне шынайы ризашылығын білдірді. Олар еліміздің әлеуметтік-экономикалық табыстарына және халықаралық аренадағы биік абырой-беделіне арнайы тоқталды.
«Қазақстан – біз үшін қарқынды дамып келе жатқан өте маңызды ел. Жалпы, Бельгия тұтас Орталық Азия өңіріне айрықша қызығушылықпен қарайды. Бұл өңірдің мәні зор. Менімен бірге үлкен делегация келді. Әлбетте, біз бір-бірімізді өте жақсы білеміз. Елдеріміз 35 жыл ішінде жақсы қарым-қатынас орнатты. Біз осы тарихи межені бірге атап өтуге ниеттіміз. Сонымен қатар ынтымақтастығымызды жаңа сапалы деңгейге көтеретінімізге сенімдімін» деді Бельгиялықтар Королі Филипп.
«Уағдаластықтарды іске асыруға күш саламыз»
Ақордада өткен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Президент Қазақстан мен Орталық Азияға тарихта тұңғыш рет мемлекеттік сапармен келген Бельгиялықтар Короліне және Патшайымына ілтипат білдірді.
«Осы тарихи сәтте Сіздермен жүздесіп, мемлекеттеріміз арасындағы берік достықты атап өту – мен үшін зор мәртебе. Аса мәртебелі Король Филипп, халқыңызға қалтқысыз қызметіңізді жоғары бағалаймыз. Cіз Корольдік билігіне келгелі еліңіз өркендеп, әлемдік аренадағы лайықты орнын бекіте түсті. Халқыңызға адалдығыңыз және Бельгияны мекендейтін түрлі қауымдар арасындағы өзара түсіністікті нығайту жолындағы табанды еңбегіңіз Тәждің ел бірлігін сақтаудағы рөлін айқындай түседі. Біз де «Бірлігіміз – әралуандықта» деген қағидатқа айрықша мән береміз. Әрбір азаматтың келешегімізге атсалысқанын қалаймыз. Көп жылдан бері кәсіпкерлікті, білім мен инновацияны дамытуға ерекше күш салып келесіз. Бұл – шын мәнінде үлгі тұтарлық ізгі істер. Король әулетінің Бельгия бизнесіне ұдайы қолдау көрсетуі шексіз құрметке лайық. Аса мәртебелі Патшайым Матильда, Сіз бұл сапардың мән-мазмұнын арттырып, шырайын келтірдіңіз. Сіздің балаларды қорғау, білім беру, адамның қадір-қасиетін құрметтеу мәселелеріне келгенде, ерекше жанашырлығыңыз бен қамқорлығыңызға тәнтіміз. Бұл игі мұраттар азаматтарымызды шын мәнінде сүйсінтеді» деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Бельгия арасында көлік-логистика, аса маңызды минералдар, жаңартылатын қуат көздері, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және жасанды интеллект салалары бойынша өзара ықпалдастықты кеңейтуге мол мүмкіндік бар екеніне назар аударды.
«Сізбен бірге келген мемлекеттік органдардың, өңірлік билік пен іскер топтардың өкілдеріне, танымал ғалымдар мен журналистерге ілтипат білдіремін. Ертең Қазақстан – Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысын өткіземіз. Бұл бастаманың мүмкіндіктерімізді іске асырып, орнықты нәтижеге қол жеткізетін тиімді алаңға айналғаны қуантады. Сондай-ақ Бельгиямен Еуропалық одақ және басқа да көпжақты құрылымдар аясындағы ықпалдастығымызды жоғары бағалаймыз. Жаһанда тұрақсыздық белең алған кезеңде сенім, құрмет пен өзара түсіністік қағидаттарын арқау еткен іскерлік байланыстардың маңызы арта түседі. Қарым-қатынасымыздың зор әлеуетіне сенемін. Сапар аясындағы уағдаластықтарды толық іске асыруға барынша күш саламын» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бельгиялықтар Королі Филипп қонақжайлық танытқаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, бұған дейін Тақ мұрагері ретінде Қазақстанға жасаған сапарларын еске алды.
«Сіздің басшылығыңызбен еліңіз дамудың даңғыл жолына түскеніне ерекше әсерлендік. Сапар кезінде танысу жоспарланған жасанды интеллект, энергетика, атом энергиясы салалары екі ел үшін өте маңызды. Ғалымдардың дөңгелек үстелдегі пікірталасына куә боламыз» деді Король Филипп.
Ортақ құндылықтарға негізделген достық
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король Филипп БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Мемлекет басшысы Бельгиялықтар Королі мен Патшайымының Қазақстанға жасаған тарихи мемлекеттік сапары екіжақты қарым-қатынастың жаңа парағын ашатынын және қос халық арасындағы достықты нығайта түсетінін атап өтті.
«Аса мәртебелі Король, Сіздің парасатты әрі батыл басшылығыңыздың арқасында Бельгия өзінің бірегей саналуандығын сақтаған әрі әлемге ашық ел ретінде белгілі болып отыр. Халқыңызға адалдығыңыз бен Бельгиядағы түрлі қауым арасындағы өзара түсіністікті нығайту жолындағы табанды еңбегіңіз Тәждің ынтымаққа бастар рөлін айқындайды. Осы күрделі кезеңде адами қадір-қасиеті биік, перзенттік парыздың парқын сезінетін тұлға екеніңізді көрсеттіңіз. Бұл ерекше сенім ұялатады әрі зор құрметке лайық» деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев емен-жарқын достық рәуіште әрі сындарлы сипатта өткен нәтижелі келіссөздердің қорытындысына тоқталды.
«Біз Қазақстан мен Бельгия арасындағы көпжақты серіктестікті күшейтуге бейіл екенімізді растадық. Елдеріміз арасында қандай да бір саяси қайшылық немесе шешілмеген мәселе жоқ. Бұл барлық бағытта ынтымақтастықты кеңейтуге берік негіз қалайды. Экономикалық ықпалдастық серіктестігіміздің негізгі тірегі болып қала береді. Бельгия Қазақстанның жетекші инвестициялық серіктестерінің қатарына кіреді. Сіздің елдің 2005 жылдан бері экономикамызға құйған инвестиция көлемі 15 миллиард доллардан асты. Көлік-логистика, аса маңызды минералдар, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, биотехнология, цифрландыру және ғарыш технологиялары салаларында ықпалдастықты жандандырып, жаңа мүмкіндіктерді қолға алуға уағдаластық. Тарихи сапарға бельгиялық жетекші компания өкілдері қатысуда. Бұл Бельгияның еліміздің экономикалық әлеуетіне зор сенім артатынын көрсетеді. Үкімет тарапынан Бельгия инвесторларының Қазақстанда қызмет аясын кеңейтуіне және жаңа перспективті жобаларды іске асыруына қолайлы жағдай жасалады. Оның толық әрі уақытылы орындалуын өзім қадағалап отырамын» деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, 13 қазанға жоспарланған Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесі, Ректорлар форумы және аса маңызды материалдар бойынша дөңгелек үстел ортақ мақсаттар мен нақты нәтижелерге қол жеткізетін маңызды алаң болмақ. Аталған іс-шаралардың қорытындысы бойынша серіктестікті дамытуға тың серпін беретін ондаған келісім мен құжатқа қол қойылады.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдеріне мәдени-гуманитарлық салада қол жеткізілген уағдаластықтар жөнінде әңгімеледі.
«Елдеріміздің университеттері, музейлері мен мәдени мекемелері арасында тікелей байланыс орнатуға, сонымен қатар бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытуға және академиялық тәжірибе алмасуға ниетті екенімізді растадық. Джеймс Энсордың танымал туындыларын Қазақстанның Ұлттық музейінде таныстырған бельгиялық серіктестерімізге алғысым шексіз. Сондай-ақ Almaty Museum of Arts пен KANAL-Centre Pompidou арасындағы ынтымақтастықты ілгерілетуді қолдаймын. Ол Бельгияның шығармашылық әлеуетін және мәдени саланы дамытуға ұмтылысын көрсетеді. Аталған бастамалар Бельгияның бай көркем мұрасымен танысуға, халықтарымыздың бір-бірімен жақын араласуына жол ашады. Қызметтік паспорт иелерін виза талаптарынан босату жөніндегі келісімге өзгерістер енгізудің арқасында барыс-келісімізді біршама жеңілдетуге қол жеткіздік. Бүгін қабылданған Бірлескен мәлімдеме ортақ міндеттерге сай келеді» деді Мемлекет басшысы.
Президент тараптардың халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқанын айтты.
«Қазақстан мен Бельгия халықаралық құқық нормаларын сақтауға, көпжақты ықпалдастықты нығайтуға және қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуге бейіл. Жаһандық ахуал құбылып тұрған қазіргі кезде диалог, өзара сенім мен жауапты дипломатия ерекше өзекті. Жуырда менің Брюссельге сапарым аясында Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы стратегиялық серіктестіктің маңызды екенін растадық. Ол арнайы келісімде бекітілді» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы осы минуттарда Брюссельдің орталық алаңы Гран-Пласта, қалалық ратуша ғимаратының алдында алғаш рет Қазақстанның Мемлекеттік Туы көтерілгенін атап өтіп, ыстық ықыласы мен символикалық мәнге ие құрметі үшін бельгиялық әріптесіне алғыс айтты.
«Бельгияның «L’union fait la force» деген ұлттық ұраны қазақтың «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген тәмсілімен мағыналас. Біздің достығымыз осы ортақ құндылықтарға негізделген. Аталған мемлекеттік сапар Қазақстан-Бельгия қарым-қатынасын ілгерілетуде бетбұрысты сәт болатынына сенімдімін. Қазақстан халқы Сіздің мейірімді, бекзат әрі парасатты болмысыңызды әрдайым құрмет тұтады» деді Президент.
Король Филипп ілтипатпен қарсы алғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, соңғы отыз жылда елдеріміз берік әрі мызғымас байланыс орнатқанын атап өтті.
«Сапарымыз Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанына қуаныштымын. Осы үш күн ішінде елдеріміз арасындағы ынтымақтастыққа жол ашатын мүмкіндіктермен жақын танысамыз. Мәдени байланыстардың арқасында достығымыз одан әрі беки береді. Ал сапарымыз аясында Қазақстанның бай мұрасы мен төл дәстүріне көзайым боламыз» деді Бельгиялықтар Королі.
Ірі инвестор
Король Филипптің айтуынша, Бельгия Қазақстан экономикасына қаржы құйған ірі инвесторлардың бірі саналады. Қазақстан нарығында бірқатар бельгиялық компания жұмыс істейді. Ол алдағы Қазақстан – Бельгия іскерлік кеңесі отырысына көп үміт артатынын жеткізді. Сондай-ақ Бельгиялықтар Королі Қазақстанның халықаралық аренада беделі артып келе жатқанына және экономиканың барлық саласында қарқынды өсім байқалатынына назар аударды.
«Еліңіздің әлемдік аренадағы орны нығайып келеді. Жуырда ғана халқыңыз мемлекеттің жаңа мақсат-міндеттерін айқындаған конституциялық реформаны қолдады. Бүгінде Қазақстан ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрді қастерлейтін, барлық жағынан заманауи қоғам құрып отыр. Жоғары білімді азаматтардың, орта таптың көптігі және озық инфрақұрылымның арқасында елдеріңіз болашақтың сын-қатерлеріне төтеп беруге әзір. Қазақстан цифрландыру саласында көш бастап тұр, әсіресе, жасанды интеллект бағытында бірегей шешімдер әзірлеуде. Alem.AI орталығына барып, елдеріміз арасындағы синергияны ілгерілету мүмкіндіктерін талқылауға қызығушылық танытып отырмыз» деді ол.
Бұдан бөлек, Король Филипп Қазақстанның бай тарихымен және мәдениетімен жақын танысуға ниетті екенін жеткізді.
«Астана мен Алматының көрікті жерлері мен музейлерін аралап, Алтын Орда дәуірінен тамыр тартатын тарихпен тіл қатысуға асықпын. Бельгия делегациясымен бірге Абай шығармаларында айрықша суреттелген, қазақтың ұлттық ерекшеліктерін паш ететін табиғи және мәдени қазынамен танысуға құштармыз» деді ол.
Бельгиялықтар Королі сөз соңында көрсетілген сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тағы да алғыс айтты.
«Шаңырағыңыз биік болсын!». Мен бұл сөзді дұрыс айттым деп ойлаймын. Қазақстанға мемлекеттік сапарымыздың мәнін аталған тілек толығымен ашады. Отбасы бірлігі мен ұрпақтар сабақтастығын, ырыс пен несібені, бейбіт өмір мен жылы ұяны осы бір ауыз сөзге сыйдыруға болады» деді Король Филипп.