Астана қаласы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Ұлағат» әдеби бірлестігінің жетекшісі, күміс волонтер Рауза Исмурзинаның қайырымдылық қанына сіңген қасиет, сондықтан ол волонтерлік жасқа қарамайтынын айтады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бұлай дейтініміз, кейіпкеріміз өзгелерге қамқор болу ана сүтімен бойына дарығанын айтады. Қиын-қыстау кезеңде өмір сүрген анасы үш баланы дүниеге әкеліп, жесір қалған соң жеті жылдан кейін үш қызы бар ер азаматқа тұрмысқа шығады. Сол алты баланың бәрін өсіріп, тәрбиелеп, жұбайының бұрынғы әйелінің анасын да жүз жасқа дейін бағып, дүниеден өткенше күтіп қараған. Оның айтуынша, бойындағы қамқорлық пен өзгелерге жанашырлық анасының сондай кеңдігінен берілген.
Техникум мен институтты кітапханашы мамандығы бойынша оқыған ол туған жері Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында қырық жыл кітапхана саласында қызмет еткен. Осы өлкеде аудандық кітапханалар жүйесінің директоры қызметіне дейін көтерілген. Ең алғаш рет оның айналадағы мәселелерге, қоғамдағы жайттарға бей-жай қарай алмайтыны 1991 жылдары сол жақта жер сілкініп, кітапхана ғимараты бүлінген кезде байқалған.
-Зілзала салдарынан кітапхана қабырғасы жарылып, оқырмандарды басып қалу қаупі төнді, сол кезде басшылықтың рұқсатымен соның бәрін фотоға түсіріп, хат жазып, Үкімет басшысына кіруге рұқсат алдым. Мені Үкімет басшысының сол кездегі орынбасары Қуаныш Сұлтанов қабылдап, жағдайды түсініп, бізге бір училище жатақханасын берді. Соны өзім құлшынып, жөндетіп, үш қабатты ғимаратты кітапхана етіп алдық. Біздің кітапханада талай жақсы менен жайсаңдар қонақ болды. Жалпы өмір жолымда қайырымдылықты жасағанды жақсы көрдім, жақсылық істегенде маған пайдасы болады-ау деп ойлап көрмеппін. Бәрін де жүрек қалауымен, шын жанашырлықпен істеймін, - дейді ол.
Сол жерде зейнетке шығып, одан әрі «Ақ босаға» әжелер ансамблінде 6 жыл хор құрамында ән салды. Өңірге танымал ансамбль ерекше балаларға, қарттар үйіне, мектептерге барып талай рет қайырымдылық концерттерін қойды. Сөйтіп ол 2023 жылы Астанаға отбасымен бірге көшіп келіп, Нұра ауданы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына зейнеткер ретінде тіркеліп, мұнда «Ұлағат» әдеби бірлестігінің жетекшісі болды.
-Мұнда көп зейнеткерлер - бұрынғы мұғалімдер, кітапханашылар, сондықтан біз өмірлік тәжірибемізге сүйене отырып одан әрі қоғамдық істерімізді жалғастырдық. Белгілі тарихи тұлғаларлың мерейтойларына байланысты іс-шаралар өткіземіз. Кітап көрмесін ұйымдастырамыз. Оқу орындарына барып, жастарға өмірден түйген ойларымызды айтамыз. Ерекше балаларға, қарттар үйіне барып, қайырымдылық шараларын тоқтатпай келеміз. Көбіне құр қол бармай, өзіміз қалтамыздан жинап азын-аулақ сый-сияпатымызды ала барамыз. Өнегелі тұлғалардың өмірін насихаттап мектеп оқушыларына, колледж, жоғары оқу орны студенттеріне таныстырамыз. Одан бөлек сенбіліктерге шығамыз. Қыста жұмыс істеп жатқан құрылысшыларға ыстық шай, бауырсақ апарамыз, - дейді күміс волонтер.
Әдеби бірлестіктің мақсаты – жас ұрпаққа өнегелі тұлғаларымыздың шығармаларын насихаттай отыра, ұлттық тәрбие беру, ізгілікке шақыру. Осы ниетпен олар былтыр Астанада ұлы Абайдың ескерткішінің алдында ақынның «Ескендір» поэмасын жатқа оқыды. Биыл ЛРТ көлік желісінде ақынның «Сегіз аяқ» өлеңін оқып, жолаушылардың ыстық ықыласына бөленді.
Рауза Исмурзина өмір бойы кітапхана саласында жинаған тәжірибесін, түрлі құнды ой-пікірлерін, шолулары мен әдістемілік тәсілдерін мақала етіп жазып, аудандық, облыстық, республикалық басылымдарға жариялап келеді. Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданына қарасты Тұғыл елді мекені жайлы 2020 жылы "Тұғыл-тұғырлы мекен" атты тарихи, сараптамалық, зерттеу кітабын жазады.
Көп жылдық еңбегі бағаланып, ол «Еңбек ардагері» медалімен, «ҚР Еңбек сіңірген қызметкері» төс белгісімен, «Ел егемендігіне қосқан ерен еңбегі үшін» медалімен, Алғыс хаттар және Құрмет грамоталарымен марапатталған. 2025 жылы 18 мамырда Халықаралық музей күніне орай "Күміс жас" жобасы аясында Республикалық Музей түнінде тарих залында экскурсовод болып, музейдің әкімшілігі атынан Алғыс хат алды.
Былтыр Астанада өткен Дүниежүзілік волонтерлер форумына арнайы іріктелген он волонтердің бірі ретінде барып қатысты. Мемлекет басшысының өзі қатысқан маңызды форумнан алған әсері зор.