Рәміздерді қолдану: не өзгерді?

Рәміздерді қолдану: не өзгерді?

Мәдениет және ақпарат министрлігі 13 шілде күні мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды талқылау мақсатында республикалық конференция өткізді. 

«Рәміздер рухы – Конституция күші» тақырыбындағы конференцияға Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссия мүшелері, мәдениет және қоғам қайраткерлері, тарих және филология ғылымдарының докторлары, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін пайдалану мәселелері жөніндегі уәкілетті органның жауапты қызметкерлері қатысты. Олар «Мемлекеттік рәміздер: тарих пен тағылым» архив құжаттары көрмесімен танысып, Қаулыдағы өзгерістер мен толықтыруларды талқылады.

Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның мүшесі Нұртөре Жүсіп жастардың бойына отаншылдық рухты сіңіру мақсатында жүйелі түрде жұмыс жүргізу қажет екенін жеткізді. Оған қоса Нұртөре Байтілесұлы қазақ геральдикасының өркендеуіне рәмізтанушы Ербол Шаймерденовтің зор үлес қосқанын атап өтсе, Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның мүшесі, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы таңбалардың мән-мағынасын зерттеп-зерделеу – тарих тереңіне сүңгітетінін айтты.

– Қаулыда көрсетілгендей, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын жеке және заңды тұлғалардың ғимараттарда, оның ішінде балкондарда (45 градус бұрышпен) және салтанатты іс-шаралар өткізілетін жерлерде пайдалануына болады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын киім ретінде пайдалануға, оны төсек-орын, перде, дастархан, кілемше және өзге де жабын ретінде қолдануға тыйым салынған. Мемлекеттік Тудың бейнесін спорттық киімдерде және спортшылардың киім-кешегінде пайдалануға рұқсат етілген. Мемлекеттік Туды қасақана бүлдіруге, жоюға, өртеуге, жыртуға, жерге тастауға, сондай-ақ оның мемлекеттік рәміз ретіндегі қадір-қасиеті мен маңызын төмендететін өзге де әрекет жасауға жол берілмейді. Өзгерістер мен толықтырулар рәміздерді пайдалану мәдениетін жаңа сапалық деңгейге көтеруге негіз болады деп есептейміз, – деді Геральдикалық зерттеулер орталығы директорының м.а. Әділхайыр Мырзаханов. 

Қаулыға сәйкес азаматтарға Мемлекеттік Туды мәдени, спорттық, қоғамдық және өзге де іс-шаралар кезінде пайдалануға рұқсат етіледі. Бұл ретте оны пайдалану коммерциялық мақсатты көздемеуі және заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.

ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Қайрат Абулгазидов мемлекеттік рәміздерге қатысты биыл елімізде 40 әкімшілік құқық бұзушылық анықталғанын айтты. 

Мәрлен ҒИЛЫМХАН