Астана қаласында онкологиялық қызметті дамытудың өзекті мәселелеріне, озық медициналық технологияларды енгізуге, сондай-ақ онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеу тәсілдерін жетілдіруге арналған «Қазіргі онкологиядағы инновациялық технологиялар және цифрлық трансформация» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараны ұйымдастырушылар - Астана қаласының «Онкологтар мен радиологтар альянсы» қоғамдық бірлестігі және Астана қаласы әкімдігінің «Көпсалалы медицина орталығы» ШЖҚ МКК. Конференцияға шетелдік жетекші мамандар мен Қазақстан Республикасының онкологтары қатысады.
Конференция отандық және шетелдік жетекші мамандарды, дәрігер-онкологтарды, радиологтарды, онкогинекологтарды, интервенциялық онкология мамандарын, сәулелік диагностика дәрігерлерін, патоморфологтарды, цитологтарды және ғылыми медициналық қоғамдастық өкілдерін біріктіреді. Іс-шара онлайн және офлайн форматтарда өткізіліп, кәсіби диалогты кеңейтуге және халықаралық тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Конференцияның негізгі бағыты - инновациялар, цифрлық шешімдер және пәнаралық өзара іс-қимыл негізінде онкологиялық көмектің заманауи моделін қалыптастыру.
Бүгінде онкология саласы ауқымды технологиялық трансформация кезеңін бастан өткеруде. Жасанды интеллект, цифрлық медицина, молекулалық-генетикалық зерттеулер және жоғары технологиялық емдеу әдістерінің дамуы қатерлі ісіктерді ерте анықтауға, диагностиканың дәлдігін арттыруға және емдеу тактикасын жекелендіруге жаңа мүмкіндіктер ашуда.
Конференция қатысушыларының назарына ұсынылатын негізгі бағыттар:
Аталған іс-шараға 18 елден онкология саласындағы жетекші мамандар шақырылды: АҚШ, Франция, Испания, Италия, Германия, Португалия, Польша, Жапония, Қытай, Моңғолия, Үндістан, Индонезия, Грузия, Тәжікстан, Армения, Өзбекстан, Ресей, Саха Республикасы (Якутия), Беларусь және Қазақстан.
Онкология және медициналық диагностикадағы жасанды интеллект. Компьютерлік томография (КТ), магниттік-резонанстық томография (МРТ), рентгенологиялық кескіндерді, сондай-ақ цифрлық патоморфологиялық деректерді талдауда машиналық оқыту алгоритмдерін қолдану. Патологиялық өзгерістерді анықтауда, клиникалық шешімдерді қабылдауды қолдауда және диагностика сапасын арттыруда интеллектуалды жүйелердің мүмкіндіктері.
Цифрлық патология және телемедицина. Патоморфологиялық диагностикаға цифрлық технологияларды енгізу, қашықтан кеңес алу мен пәнаралық консилиумдар өткізу, әртүрлі медициналық ұйымдар мен өңірлер мамандарының өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін кеңейту.
Онкологиялық ауруларды емдеудің инновациялық әдістері. Интервенциялық онкология, термиялық абляция әдістері, сәулелік терапия, радионуклидтік емдеу әдістері және мамандандырылған онкологиялық көмектің мүмкіндіктерін кеңейтетін басқа да перспективалы бағыттар.
Молекулалық медицина және дербестендірілген онкология. Ісіктің жеке молекулалық-генетикалық ерекшеліктерін анықтау, оңтайлы емдеу тактикасын таңдау және ісікке қарсы терапияның тиімділігін арттыру мақсатында молекулалық-генетикалық зерттеулерді қолдану.
Онкофертильділік және репродуктивтік денсаулықты сақтау. Онкологиялық аурулары бар пациенттердің репродуктивтік әлеуетін сақтаудың заманауи мүмкіндіктері, пәнаралық тәсілді дамыту және жаңа ұйымдастырушылық шешімдерді енгізу.
Инновацияларды күнделікті клиникалық тәжірибеде практикалық тұрғыдан қолдануға ерекше назар аударылады. Жасанды интеллект дәрігердің қызметін толықтыратын, медициналық деректерді талдау тиімділігін арттыруға, диагностикалық үдерістерді оңтайландыруға және неғұрлым негізделген клиникалық шешімдер қабылдауға ықпал ететін қосымша құрал ретінде қарастырылады.
Конференцияны өткізу кәсіби тәжірибе алмасуға, өзекті ғылыми әзірлемелерді талқылауға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстандағы онкологиялық көмекті дамытудың перспективалық бағыттарын айқындауға арналған маңызды алаңға айналады. Іс-шара медициналық мамандардың кәсіби құзыреттерін арттыруға, заманауи ғылыми жетістіктерді клиникалық тәжірибеге енгізуге, сондай-ақ халыққа көрсетілетін онкологиялық көмектің сапасы мен қолжетімділігін одан әрі жақсартуға бағытталған.
Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, заманауи онкологияның дамуы ғылымның, тәжірибелік денсаулық сақтаудың және цифрлық технологиялардың тығыз өзара іс-қимылынсыз мүмкін емес. Барлық өзгерістердің басты мақсаты - ауруларды уақтылы диагностикалау, тиімді емдеу және пациенттердің өмір сүру сапасын жақсарту.
БАҚ ӨКІЛДЕРІНЕ АРНАЛҒАН ШАҚЫРУ
Ұйымдастыру комитеті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның барысын ақпараттық сүйемелдеуге және жариялауға шақырады.
Журналистер үшін бұл - онкология саласының заманауи даму үрдістерімен танысуға, отандық және халықаралық жетекші сарапшылармен сұхбаттасуға, мамандардан пікір алуға және Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне инновациялық технологияларды енгізу жариялауға мүмкіндік.
ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛАР МЕН ҚАТЫСУШЫЛАР
· Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі;
· Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы;
· Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты;
· Ұлттық ғылыми онкология орталығы
· Астана қаласының «Онкологтар мен радиологтар альянсы» қоғамдық бірлестігі;
· Астана қаласы әкімдігінің «Көпсалалы медицина орталығы» ШЖҚ МКК.
Өткізу күні: 2026 жылғы 12-13 қараша.
Басталу уақыты: 08:00.
Өткізу орны: Астана қаласы, Мәңгілік Ел көшесі, 55/18.
Форматы: онлайн және офлайн.
Мақсатты аудитория: Қазақстан Республикасының онкологиялық қызмет дәрігерлері мен мамандары, медициналық және ғылыми қоғамдастық өкілдері.