Құрылтайда студенттерге жатақханалардан орын беруде бірыңғай цифрлық платформаны енгізу туралы депутаттық сауал жолданды

Құрылтайда студенттерге жатақханалардан орын беруде бірыңғай цифрлық платформаны енгізу туралы депутаттық сауал жолданды
фото: видеоскрин

«Respublica» партиясы фракциясының мүшесі Нұргүл Таудың Премьер-министр Олжас Бектеновке студенттерге жатақханалардан орын беруде бірыңғай цифрлық платформаны енгізу туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

-Құрметті Олжас Абайұлы! Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды.

Осы орайда Үкіметпен мемлекеттік органдардың халықпен кері байланыс орнататын бірыңғай платформасын құру шаралары уақытылы қолға алынуда. Аталған платформаның басты міндеті – азаматтардың күнделікті өмірде кездесетін өзекті мәселелерін уақытылы анықтап, оларды цифрлық құралдар арқылы тиімді шешу болып табылады.

Осындай өзекті бағыттардың бірі – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі. Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми дерегіне сәйкес, 2023–2025 жылдар аралығында 31 463 орынды қамтитын 113 жатақхана пайдалануға берілген. Осы шаралардың арқасында 2026 жылы жатақхана тапшылығы 7 жарым мың орынға дейін қысқарды.

Дегенмен, мәселенің ендігі кезеңі тек жаңа ғимарат салумен шектелмеуге тиіс. Енді студенттің жатақханаға қалай қол жеткізетіні, кезектің қаншалықты ашық жүргізілетіні және әр орын туралы ақпараттың қаншалықты қолжетімді екені маңызды.

Әлемде бұл мәселе цифрландыру тетіктері арқылы оң шешімін табуда. Мысалы, Нидерланд және Францияда студенттерді баспанамен қамтамасыз ету жүйесі толығымен цифрлық платформаларға, АҚШ және Ұлыбританияда университеттер мен жеке компаниялардың серіктестік үлгілеріне, сондай-ақ Ұлыбритания, Германия және Австралияда арнайы тұрғын үй операторларына негізделген.

Елімізде де жауапты Министрлік тарпынан студенттік жатақханаларды цифрландыру талаптары қойылғанымен, бұл талапты жоғары оқу орындары өз бетінше, әртүрлі деңгейде іске асыруда.

Осыған байланысты, 2026 жылғы 11 маусымда өткен «Respublica» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында студенттік жатақханаларды үлестірудің бірыңғай цифрлық платформасын енгізу ұсынылды. Соның негізінде Ғылым және жоғары білім, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктерімен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Аталған платформа мемлекеттік және жекеменшік жоғары оқу орындары мен колледждердің жатақханаларын біріктіретін «бір терезе» қағидатындағы жүйе болуы керек.

Осыған орай, Үкіметтен:

  1. 2026 жылдың соңына дейін жоғары оқу орындары мен колледждер жатақханаларын цифрландыруға қойылатын архитектуралық, технологиялық және өзеге де талаптардың бірыңғай стандартын әзірлеуді;
  2. 2027–2028 оқу жылы басталғанға дейін барлық мүдделі орталық және жергілікті мемлекеттік органдарды жұмылдырып, мемлекеттік және жекеменшік жоғары оқу орындары мен колледждердің жатақханаларын платформаға кезең-кезеңімен толық қосуды;
  3. Орын бөлу кезінде заңнамада белгіленген әлеуметтік басымдықтарды автоматты тексеретін ашық алгоритмдік скорингті енгізіп, қағазбастылықты азайтуды, сонымен бірге дербес деректердің қорғалуын, шешімдердің аудитін және шағымдану тетігін қамтамасыз етуді;
  4. Платформа деректері негізінде жыл сайын өңірлер мен оқу орындары бөлінісінде студенттік тұрғын үйге нақты қажеттілік картасын қалыптастырып, жаңа жатақхана салу мен қолданыстағы қорды жаңғырту жөніндегі шешімдерді осы деректермен байланыстыруды;
  5. Платформада әрбір өтінім беру тарихын сақтай отырып, электронды кезек, онлайн брондау, цифрлық келісімшарт және жатақхана орындарының нақты уақыттағы есебін ашық көрсетуді;
  6. Қазіргі таңда талапкердің жоғары оқу орынына құжатты eGov арқылы тапсыра алатынын ескере отырып, аталған платформаны электрондық үкіметпен интеграциялауды ұсынамыз, - делінген сауалда.