Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінде вице-министр Евгений Кочетов Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) миссия басшысы Винсент Пикетпен кездесті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кездесу барысында тараптар 23 тамызда өтетін бір палаталы парламент – Құрылтай сайлауына дайындық, сайлауалды науқанын бақылау және оны ұйымдастыру барысын талқылады. Бұл – жаңа Конституция қабылданғаннан кейін өтетін алғашқы сайлау. Жиында сайлау үдерісінің ашық әрі әділ өтуіне жағдай жасау және оны ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелері сөз болды.
Вице-министр жаңа Конституция Қазақстанның демократиялық даму бағытын, азаматтық қоғам институттарын нығайтуға, азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға негізделген саясатын одан әрі жалғастырып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар халықаралық байқаушылар миссияларымен, оның ішінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-мен ықпалдастықтың маңызын жеткізді.
Өз кезегінде Винсент Пикет сайлау барысын қадағалау үшін Қазақстанға 22 ұзақ мерзімді байқаушы келгенін айтты. Миссияның мәліметінше, сайлауалды науқанын бақылау қорытындысына арналған алғашқы аралық есеп 7 тамызда жарияланады. Ал қорытынды есеп сайлау аяқталғаннан кейін әзірленеді.
Кездесу соңында тараптар Құрылтай сайлауына дайындық пен оны өткізу кезеңінде ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.