Биылғы ел өміріндегі саяси маңызды оқиғаның бірі – Құрылтай сайлауы. Қарапайым халық «Сайлау не үшін керек?» деген сауалды жиі қояды. Меніңше, сайлау жаңару, жаңғыру, даму үшін керек. Бұрынғы екі палаталы Парламенттің орнына енді бір палаталы Құрылтай құрылады. Құрылтай заң шығарушы билікті жүзеге асыратын жоғары өкілді орган болады. Онда мемлекеттік маңызы зор мәселелер талқыланады. 145 депутат бес жыл мерзімге пропорционалды жүйе арқылы сайланады.
Екіншіден, заң шығару жүйесінде жаңа кезең басталады. Билік институттары қарапайым халыққа жақындай түсуі тиіс. Шешім қабылдау үрдісі ашық, әділ болуы үшін қоғамдағы әртүрлі көзқарастар мен мүдделер назардан тыс қалмауы қажет. Сол себептен Құрылтайдың құрамына нағыз халықшыл, мемлекетшіл адамдар кірсе деген тілегім бар. Саясаткерлермен қатар зиялы қауым өкілдері, соның ішінде білім, ғылым, медиа, үкіметтік емес ұйымдар, өнер мен мәдениет саласының өкілдері болғанын қалар едім. Ал партиялар бизнес, жастар, әйелдер қауымы өкілдерін онсыз да тартатыны мәлім.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауында ашық, адал және әділ бәсеке болуы керектігін қадап айтты. Ашықтық дегенге нақты бір мысал келтірейін. Мысалы, сайлауда үміткерлердің кәсіби тәжірибесі, еліміздің өркендеуіне қосқан үлесі, қоғамдағы белсенді ұстанымы назарға алынады. Жаңа Конституция қоғамдық диалогты дамытуға жол ашып берді. Яғни, бұдан былай Қазақстанның бүгіні мен ертеңіне қатысты түйткілді мәселелер ашық талқыланып, халықтың ұсыныс-пікірлері бірінші кезекте ескеріледі. Ашықтық қағидаты іске қосылса, бұқараның билікке деген сенімі артады. Сол сенімге селкеу түсірмес үшін сайлаудағы барлық тараптардың іс-қимылы заң аясында әділ, ашық, жария түрде жүргізілуі тиіс.
Әділдік деген тағы бір қағидат бар. Біздің қоғамда саяси партиялар осындай сайлау науқаны жақындағанда «ұйқысынан оянады». Сайлау өткен соң қайта «ұйықтайды». Меніңше, олардың жұмысы, белсенділігі, халықпен қарым-қатынасы ешқашан тоқтамауы тиіс. Елдегі ең күрделі, өзекті мәселелердің шешімін тауып, нақты іске асыруға қатысты сараптамалық есептерін ұсынып отырса нұр үстіне нұр болар еді. Мысалы, «Әdilet» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай Қарағанды жұртшылығымен жүздесуде: «Партияның бағдарламасында нақты мақсаттар белгіленген: бір миллион сапалы жұмыс орнын құру, халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін және одан да жоғары деңгейге жеткізу, сондай-ақ жергілікті маңызы бар жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесін 95 пайызға дейін арттыру. Біз үшін бұл көрсеткіштердің жай ғана абстрактілі сандар болып қалмағаны маңызды. Біз орындалмайтын уәде бермейміз. Орындауға да, тексеруге де болатын міндеттемелерді өз мойнымызға аламыз»,-деді. Ендеше, сайлау өткен соң қарапайым халық осы уәденің орындалғанын көзімен көрсе, сенімі нығаяды. Ал саяси ұйым сайлаудан кейін өз ұранын іске асыруға кірісуі тиіс. Сайлаушылар өзі сайлаған партияның мүшелеріне: «Уәделеріңнің қанша пайызы орындалды? Қалғаны қашан орындалады?» деген сауал қойып, партияның жұмысына баға беріп отырса құба-құп. Қоғамдық диалог деген осы. Ол шынайы сенім мен адал еңбек болған жерде ғана қалыптасып, дамиды.
Сайлауға қатысу — әр азаматтың конституциялық құқығы. 23 тамызда еліміздің сайлау құқығы бар әрбір азаматы саналы, ерікті түрде дауыс беріп, ел болашағын айқындауға өз үлесін қосуы керек. Әрқайсымыз дауыс беру арқылы мемлекетті басқару ісіне қатысып, қоғамдағы өзгерістерге үн қосамыз. Баршаңызды осы ізгілікті іске бір кісідей жұмылуға шақырамын!
Төлен ТІЛЕУБАЙ,
Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Кежек ауылының тумасы,
журналист, жазушы, Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты.