Құқыңды біл, қызметкер!

Құқыңды біл, қызметкер!

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының басшысы Адилов Нұрболат Тұрболатұлының мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау бағытында атқарылған жұмыстар туралы сұхбаты

– Нұрболат Тұрболатұлы, Мемлекеттік қызметшілер өз құқықтарының  бұзылуы туралы қаншалықты жиі шағымданады?

– Жалпы ағымдағы жылдың 1 маусымындағы ақпаратқа сәйкес Департаментке барлығы 618 өтініш келіп түсті, оның ішінде Мемлекеттік қыз­мет саласын бақылау бағыты бойынша  420 өтініш түскен, бұл жалпы түскен өтініштердің 67,9% құрайды. Осы келіп түскен 420 өтініштің 128-і қаралып, 11 өтініші бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілу арқылы жүргізілді, 74 сұрау салу арқылы, 43 шағымға тиісті түсіндірме жауаптар берілді, 5 өтініш бойынша мемлекеттік қызметшілердің  құқықтары қалпына келтірілді. Аталған өтініштердің азай­мауының басты себебі, мемлекеттік қызметшілердің нормативтік құқықтық талаптарының сақталмауы болып табылады.

– Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қалпына келтіру барысында қандай заң бұзушылықтар жиі анықталады?

– Ағымдағы жылдың 1 маусымындағы ақпаратқа сәйкес, Астана қаласындағы жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық департаменттерінде жалпы саны 5 мемлекеттік қыз­метшінің құқықтары қалпына келтірілді. Атап айтқанда, 4 жағдайда мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеу өткізу кезінде заңнама талаптарының сақталмау фактілері анықталды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде конкурсқа қатысушылардың құқықтары қорғалып, заң талаптарына сәйкес шешімдер қайта қаралды. Сондай-ақ бір жағдайда мемлекеттік қызметшіге қатысты заңнама нормаларының бұзылуы анықталып, тиісті шаралар қабылдау арқылы оның бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.

– Мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеу жүргізу кезінде орын алатын заң бұзушылықтардың нақты мысалын атап өтсеңіз.

– Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша Департаменті жүргізген тексеру барысында әкімшілік мемлекеттік лауазымға конкурстық іріктеуді өткізу кезінде біліктілік талаптарын және құжаттарды тексеру рәсімдерін дұрыс қолданбағанына байланысты заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталды. Атап айтқанда, мемлекеттік әкімшілік лауазымға жалпы конкурсқа қатысқан кандидаттың құжаттарын қарау барысында мемлекеттік органның кадр қызметі еңбек кітапшасы мен қызметтік тізім деректерінің арасындағы сәйкессіздіктерді анықтағаны анықталды. Осыған байланысты үміткерге құжаттарды толықтыру және түзету ұсынылды. Кейіннен оған құжаттарды толық ұсынбау себебінен конкурстық іріктеудің келесі кезеңіне жіберуден бас  тартылды. Тексеру мемлекеттік әкім­шілік лауазымдардың осы санаты үшін жұмыс өтілінің болуы міндетті біліктілік талабы болып табылмайтынын көрсетті. Демек, үміткердің өтілін растауға байланысты мәселелер бойынша конкурсқа одан әрі қатысудан бас тартуы заңсыз болып табылады. Тексеру қорытындысы бойынша осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшісі мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 99-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Конкурс қайта өткізіліп, үміткердің бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.

– Мемлекеттік қызметші­лер өз құқықтарының бұзылуына жол бермеу үшін нені білуі және қандай қадамдарға назар аударуы қажет?

– Ең алдымен, мемлекеттік қызметшілер өздерінің құқықтары мен міндеттерін реттейтін заңнама талаптарын жақсы білуі қажет. Қызметтік шешімдер қабылдау, конкурс­тық рәсімдерге қатысу немесе еңбек құқықтарына қатысты мәселелер туындаған жағдайда заңнама нормаларымен мұқият танысып, қажет болған кезде кадр қызметінен немесе уәкілетті органдардан түсіндірме алған жөн. Егер мемлекеттік қызметші өз құқықтарының бұзылғанын байқаса, мәселені назардан тыс қалдырмай, белгіленген тәртіппен тиісті мемлекеттік органдарға немесе Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық департаменттеріне жүгінуі қажет. Уақытылы берілген өтініштер құқықтарды қорғау­ға және заң бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Сұхбаттасқан Айгүл УАЙС