Қоғамдық кеңесте маңызды мәселелер қаралды

Қоғамдық кеңесте маңызды мәселелер қаралды
фото: Василий Крась

Бүгін Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысында алдағы келе жатқан сайлауға, елорданы көгалдандыруға, қоғамдық көлік қатынасына, экологиялық мәдениетке және қалаға тіркеуге тұруға байланысты маңызды мәселелер қаралды.   

Алда саяси науқан Құрылтай мен мәслихат депутаттарының сайлауы келе жатыр. Астана қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 15 ақпанда бекітілген депутаттыққа кандидаттар үшін үгіттік баспа материалдарын орналастыруға арналған орындарды белгілеу туралы қаулысы бар. Осы құжатта «Мәжіліс» сөзі «Құрылтай» болып өзгертілді. Бұл туралы Астана қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары Тимур Мусин баяндады.     

Бас қаланы көгалдандыру барысымен қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов таныстырды. Ол жасыл екпелерді паспорттау мен цифрландыру үдерісін аяқтау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берді. Сондай-ақ Астана қаласы бойынша 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі өңірлік іс-қимыл жоспарына тоқталды.   

Елорда қоғамдық көлігінің әлеуметтік маңызы бар қатынастар тізбесіне жаңа 7 бағдар қосылды. Бұл жайында баяндаған Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Асхат Қарағойшин аталмыг бағдарларды енгізгенде жолаушылардың өтініштері мен пікірлері ескерілгенін атап өтті. 

Бас қалада бір пәтерге немесе жер үйге енді жүздеген, мыңдаған адам тіркеле алмайды. Мұны реттейтін Астана қаласының аумағында тұрғылықты жері және уақытша болу (тұру) бойынша тіркеу нормативі әзірленді. Осы құжатпен Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ерлан Жүсіпов таныстырды.  

Аталмыш мәселелерді тыңдаған Қоғамдық кеңес мүшелері сұрақтарды қойып, ұсыныстарын жеткізді. Соның ішінде автобус аялдамаларының атаулары мен қала саябақтарына рейд жүргізу ұсынылды. Жиын барысында күн тәртібіне шығарылған мәселелер мен ұсыныстарды қолдады.