«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында елордадағы №117 жалпы білім беретін мектепте оқушылар мен педагогтердің кітап оқуға қызығушылығын арттыруға, оқу мәдениетін қалыптастыруға және рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған арнайы кеңістіктер ашылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Мектептің екінші қабатында оқушылар мен мұғалімдерге арналған «12 ай – 12 кітап» және «Кітап оқитын ұрпақ – ел болашағы» атты кітап бұрыштары ашылды. Бұдан бөлек, екінші, үшінші және төртінші қабаттардағы коворкинг-аймақтарда еркін әрі жайлы жағдайда кітап оқу үшін қолайлы орта жасалды.
Мұндай кеңістіктерді ашу – мектепте оқу мәдениетін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Қолайлы орта оқушылардың кітапқа қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың дүниетанымын кеңейтуге, шығармашылық қабілеті мен зияткерлік әлеуетін дамытуға ықпал етеді.