Қорғаныс министрлігінің қызметін кешенді тексерудің аралық қорытындылары шықты

Қорғаныс министрлігінің қызметін кешенді тексерудің аралық қорытындылары шықты
фото: Қорғаныс министрлігі

Мемлекет басшысы құрған комиссия Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің қызметін кешенді тексерудің аралық қорытындыларын ұсынды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Тексеру қорғаныс ведомствосының 104 нысанын қамтыды. Бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне аудит жүргізу жалғасуда.

Комиссия жұмысы аясында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, әскери қызмет өткеруге тиісті жағдай жасауға, азық-түлікпен және киім-кешекпен жабдықтаудың, медициналық көмек көрсетудің сапасына, сондай-ақ мемлекеттік мүліктің сақталуына баса назар аударылып отыр.

Анықталған жекелеген құқық бұзушылық деректері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Қазіргі уақытта қылмыстық қудалау органдарының қарауында 37 іс бар. Тергеу мүддесіне байланысты бұл істер жөніндегі мәліметтер әзірге жария етілмейді.

Тексеру «Заң және тәртіп» қағидаты негізінде жүргізілуде. Оның мақсаты – Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз ету және әскери тәртіпті нығайту үшін жүйелі шаралар әзірлеу.

Комиссияның ұсынымдары Әскери реформа жоспарын іске асыру барысында да пайдаланылып отыр.

Комиссия жұмысы биылғы қарашада аяқталады.