Қазтест түйткілдерді қашан түзейді?

Қазтест түйткілдерді қашан түзейді?
фото: www.unicraft.org

«Жыл басынан бері Қазақстанға келіп, 3 335 ұлты қазақ азамат ресми түрде қандас мәртебесін алды» деп сүйіншіледі жақында отандық БАҚ.

Аталған ақпаратқа сүйенсек, Атамекенге оралған ағайын­ның жартысына жуығы, яғни 47,8%-ы – Қытайдан, 43,6%-ы – Өзбекстаннан, 2,7%-ы –  Түрікменстаннан, 2%-ы Ресейден және 2,2%-ы Моңғолиядан келіпті. «Ағайын біздің тарих алтын шынжыр, әр жерден жиі үзіліп көп жалғанған» деп ақын Есенғали Раушанов айтпақшы, қаны бір ағайын қосылып, сүйе­гі бір ағайын қауышып жатса неге қуанбасқа?!. Бірақ қоғамда неше уақыттан бері осы қандас куәлігін алу үшін тапсыратын ҚАЗТЕСТ мәселесі жиі талқыланып жүр. Әрине, әркім әртүрлі пікір айтар, бірақ мемлекеттің қауіпсіздігін нығайту және заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында қабылданған кез келген заңның орындалуы маңызды.

ҚАЗТЕСТ тапсыру талабы да – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және елге келушілердің тілдік деңгейін анықтау мақсатында белгіленген заң талаптарының бірі деп түсіндік. Алайда, бұл талап Қазақстанға – тарихи Отанына оралып жатқан этникалық қазақтарға да барынша қолжетімді және түсінікті болуы керек қой. Мәселен, ең көп елге келушілердің қатарын толықтырып тұрған Қытайдан Қазақстанға көшіп келген этникалық қазақтардың бір бөлігі кирилл қарпін толық танымайды. Сондықтан тест тапсырушыға кирилл қарпімен қатар Ахмет Байтұрсынұлы негізінде қалыптасқан төте жазу нұсқасын таңдау мүмкіндігі берілсе, мұндай азаматтар сұрақтардың мазмұнын еркін түсініп, өздерінің қазақ тіліндегі білімін нақты көрсете алар еді. Оның үстіне дәл мына заманда тілді таңдайтын жеріне сол жүйені енгізе салу түк те қиын емес қой. Яғни бұл жерде адамның қазақ тілін білмеуінен емес, белгілі бір жазу қарпін танымауынан тест нәтижесінің төмен болуы – екі түрлі мәселе деген сөз. Сонымен қатар, Қазақстанға шетелден келіп, еліміздің жоғары оқу орындарында білім алып жатқан этникалық қазақ студенттеріне қатысты да осы мәселені жеңілдетсек, жөн болар еді. Егер азаматтың өзі келген мемлекеті оның ұлтын ресми түрде «Қазақ» деп көрсетіп, тайдың табанындай таңбасын басып, тиісті құжатпен растаса, ал Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары оны шетелдегі этникалық қазақ ретінде танып, арнайы квота бойынша студент ретінде қабылдап, мемлекеттік грант бөлсе, мұндай азаматтың этникалық қазақ екендігіне қатысты құжаттарды қайта-қайта жинау қажеттілігі туындамауы тиіс қой. Яғни азаматтың қазақ екені шетел мемлекетінің ресми құжатымен расталған, Қазақстан тарапы оны этникалық қазақ ретінде таныған және оған арнайы квота арқылы білім алуға мүмкіндік берген жағдайда, осы деректердің барлығы мемлекеттік жүйелер арасында өзара ескеріліп, сәйкестендіріліп, қандас мәртебесін рәсімдеу барынша автоматтандырылғаны дұрыс.

Өйткені бір жағынан мемлекет азаматты этникалық қазақ ретінде танып, оған арнайы квота мен грант беріп отырса, екінші жағынан, оның қазақ екенін қайта дәлелдеу үшін қосымша құжаттар жинауды талап ету – көпе-көрнеу қандасқа жасалған кедергі деген сөз. Бұдан бөлек, қолында ресми «қандас» куәлігі болмағанымен, бірақ мемлекет этникалық қазақ ретінде танып квота бөлген, келген мемлекеті «ұлты қазақ» деп анықтама берген азаматтардың тіркеу­ге тұруы, медициналық қызмет алуы және басқа да мемлекеттік қызметтерді пайдалану кезінде құжаттық кедергілерге тап болмауы да мемлекеттің қатаң қадағалауында болуы тиіс. Сондықтан біздің айтпағымыз, ҚАЗТЕСТ талаптарын тарихи Отанына оралып жатқан этникалық қазақтарға түсінікті, әділ және қолжетімді форматқа келтірсе деген ниет.