Қажетті қаржы бөлінді

Қажетті қаржы бөлінді

Қазақстанда 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарының сайлауын өткізуге Үкімет резервінен 34,3 млрд теңге бөлінді. Бұл жаңалықты Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) отырысында ОСК мүшесі Михаил Бортник жария етті. Оның айтуынша, республикалық бюджет былтыр бекітілген кезде Құрылтай депутаттарының сайлауын өткізу жоспарланбаған. Осыған байланысты қажетті қаржы Үкімет резервінен бөлінген, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

«Сайлау бюджеті аумақ­тық сайлау комиссияларының өтінімдері негізінде және сайлау туралы заңнаманың талаптарына сәйкес қалыптасты. Онда сайлау процесін толық ұйымдастыруға қажетті барлық шығыс ескерілген» деп түсіндірді ОСК мүшесі.

Қаражат қайда жұмсалады?

Михаил Бортниктің айтуынша, бөлінген қаржы сайлау науқанын елімізде және шетелде ұйымдастыруға және өткізуге жұмсалады. Жалпы шығынның 8,5 млрд теңгесі сайлау комиссияларының жұмысына қарастырылған. Сонымен қатар республика бойынша 47 жаңа сайлау учаскесі ашылып, олар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. 23 тамыздағы дауыс беру күні ел аумағында 10674 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сайлау процесіне 70 мыңнан астам адам тартылады. Бұдан бөлек, бөлінген қаражат сайлау бюллетенін басып шығаруға, ақпарат және әдістеме материалдарын әзірлеуге, байланыс пен көлік шығынын өтеуге жұмсалады. Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігіне 61 елдегі 80 сайлау учаскесінің жұмысын ұйымдастыру үшін 124 млн теңге бөлінген.

Партиялар үміткерге қанша ақша төлейді?

Орталық сайлау комиссиясы таратқан мәліметтерге сүйенсек, Құрылтай депутаттығына үміткерлерді тіркеу кезінде саяси партиялар әрбір үміткер үшін 15 ең төменгі жалақы көлемінде сайлау жарнасын төлейді. 2026 жылғы ең төменгі жалақы көлемі 85 мың теңге болғандықтан, бір үміткерге шаққандағы жарна 1 млн 275 мың теңгені құрайды. Сонымен бірге партиялардың 2023 жылғы Мәжіліс сайлауындағы нәтижесіне қарай мынадай жеңілдіктер қарастырылған: 5 пайыз және одан көп дауыс жинаған партия­лар сайлау жарнасынан толық босатылады; 3-5 пайыз аралы­ғында дауыс алған партиялар жарнаның 50 пайызын (637,5 мың теңге) төлейді; 1-3 пайыз дауыс жинаған партиялар толық соманың 70 пайызын, яғни 892,5 мың теңге аударады. Құрылтай депутаттарының кезектен тыс сайлауы 23 тамызда өтеді.

Қолайлы жағдай жасалады

Сайлау кезінде мүгедектігі бар азаматтар үшін де толық жағдай жасалып, инватакси қызметі ұйымдастырылады. Дауыс беруге арналған үй-жайларда әртүрлі көрсеткіштер, тірек-қозғалыс аппараты функциялары бұзылған, соның ішінде арбаны пайдаланатын сайлаушылардың қолжетімділігі ескерілген жасырын дауыс бе­руге арналған кабина, орын дайындалуы қажет. Бұл арнайы бұрышқа құлаққап, қосымша жарықтандыру, Брайль қарпіндегі трафареттер, дауыс беруге арналған парақтың дыбыс нұсқасымен қамтамасыз етілуге тиісті.

Қанша бақылаушы келеді?

ОСК отырысында сөз сөйлеген Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман биылғы 1 шілдеде еліміздегі Құрылтай депутаттарының сайлауына халықаралық байқау институтын ашу туралы шешім қабылданғанын атап өтті. Сыртқы істер министрлігі мен Орталық сайлау комиссиясы сайлауды бақылауға қатысу үшін бірқатар мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарға тиісті шақырулар жолдаған.

– Бүгінгі таңда Орталық сайлау комиссиясына аккредитациядан өту үшін 3 халықаралық ұйым мен 4 шет мемлекеттің 60 байқаушысының кандидатурасы ұсынылды. Соның ішінде ТМД байқаушылар миссиясынан – 4 адам, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясынан – 19 адам, ЕҚЫҰ ДИАҚБ байқаушылар миссиясынан – 32 байқаушы, сондай-ақ Мальдив Республикасы тарапынан – 2 кандидатура, оның ішінде осы елдің Сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары ұсынылды. Бұдан бөлек, Астанада тіркелген дипломатиялық корпустың дуайені саналатын Палестинаның Қазақстандағы елшісі, Венесуэланың Қазақстандағы елшісі және Венгрияның Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі де аккредитациядан өтті. Аккредиттеуге қатысты ұсыныстар келіп түсуіне қарай байқаушылар туралы мәліметтер жаңарып отырады, – деді Мұхтар Ерман.