ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетовтің айтуынша, бүгінде елімізде жалпы жылдық жобалық қуаты 126 мың тоннаны құрайтын 73 балық өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Оның ішінде 20 кәсіпорынның балық өнімдерін Еуропалық одақ елдеріне экспорттауға құқығы бар, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қазіргі таңда қазақстандық балық өнімдерінің 50-ден астам түрі әлемнің 21 еліне экспортталады. Балық өңдеу көлемі 37 мың тоннаны құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 24%-ға артты.
«Өңделген балық өнімдерінің көлемін ұлғайту мақсатында бірқатар шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, балық өңдеумен айналысатын кәсіпорындар үшін қосылған құн салығының мөлшерлемесін 70%-ға төмендету, қайта өңдеушілер үшін айналым қаражатын толықтыруға жылдық 5%-бен жеңілдетілген несие беру және инвестициялық шығындарды субсидиялау көзделген», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.