Қазақстанда 2030 жылға дейін 478 жаңа өндіріс орны іске қосылады

Қазақстанда 2030 жылға дейін 478 жаңа өндіріс орны іске қосылады
фото: ortcom.kz

Бүгінде жер қойнауын пайдалану саласында жалпы сомасы 123 млрд теңгені құрайтын кепілдендірілген сатып алу бойынша 425 шарт жасалды. Қабылданып жатқан қолдау шаралары нақты нәтиже беріп, өнім өткізу нарығын қалыптастыруға және отандық кәсіпорындардың өндірістік әлеуетін тиімді пайдалануға ықпал етуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Шымкенттегі трансформатор өндірушісінің өндірістік жүктемесі 90%-ға, Семейдегі кабель-өткізгіш өнімдерін өндірушінікі – 72%-ға, ал Қарағандыдағы арқан өндіруші кәсіпорындікі 71%-ға жетті.

«Жаңа өндіріс орындарын дамыту аясында 2023 жылдан бері экономиканың құрылымын жаңғыртуға және өңдеу өнеркәсібінің көлемін ұлғайтуға бағытталған 623 жоба іске қосылды. Бұған дейін Қазақстанда өндірілмеген өнім түрлерін шығару жолға қойылды. Олардың қатарында локомотивтердің тірек арқалықтары, автобустардың қаптау элементтері, жүк көліктерінің жетекші ось арқалықтары мен цилиндр блоктары, орындықтар, мультимедиялық жүйелер, тұрмыстық техника, тік жікті дәнекерленген құбырлар, терезе профильдері, талшықты цемент плиталары, ламинат, жылыту радиаторлары және басқа да өнімдер бар. 2030 жылға дейін тағы 478 жоба іске қосылады», – деді ведомство басшысы Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, алдағы уақытта жаңартылатын энергия көздеріне арналған трансформаторлар, бандаждар, тісті дөңгелектер, престер, сутегі, сутегі пероксиді, желатин мен пептон, асфальтбетонға арналған қоспалар және басқа да жаңа өнім түрлерінің өндірісі жолға қойылады.