Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауы Қазақстанның дамуындағы маңызды міндеттерді айқындайды. Президент болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікке ерекше тоқталып, оларға экономикасы қуатты, білім мен ғылымға негізделген, технологиялық тұрғыдан дамыған елді мұра етіп қалдыру қажеттігін атап өтті.
Құрылтай депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі әрі ғалым ретінде ғылымды дамыту, ауыл шаруашылығы саласын жаңғырту және цифрландыру мәселелеріне айрықша назар аударамын.
Жолдауда қолданбалы ғылымды дамыту және өңірлерде ғылыми орталықтар салу міндеттері белгіленді. Агроөнеркәсіптік кешенде технологиялық жаңғырту, Қазақстанда заманауи тракторлар мен комбайндар өндірісін ұлғайту, сондай-ақ жасанды интеллектіні жедел енгізу мәселелері қамтылды.
Президент фермерлерді ұзақ мерзімді инвестициялық ресурстармен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге және Ұлттық су ресурстарының ақпараттық жүйесін құру жұмыстарын аяқтауға басымдық берілді.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, сақтау және өткізу бағыттарында да маңызды міндеттер қойылды. Бұл ретте агрологиялық орталықтардың қызметтері ірі кәсіпорындармен қатар шағын шаруашылықтар үшін де қолжетімді болуы тиіс.
Алдағы жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнім өткізу мәселелерін шешуге мүмкіндік беретін цифрлық даму жөніндегі пилоттық жобаларды іске қосу көзделіп отыр. Кейіннен олардың тиімді тәжірибесі еліміздің барлық өңіріне таратылатын болады.
«Ауыл» партиясының өкілі ретінде аталған бағыттардың маңызы зор деп санаймын. Өйткені бұл міндеттер ауыл еңбеккерлерінің қызметіне, ауылдық аумақтарды дамытуға және ғылыми жетістіктерді өндіріс саласына енгізуге тікелей қатысты.
Владимир Киян,
Құрылтай депутаты