«Қауіпсіздік мектебі» тәжірибелік сабағы өтті

«Қауіпсіздік мектебі» тәжірибелік сабағы өтті
фото: polisia.kz

Астана қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №6 көпшілік кітапханасында №70 мектеп-лицейінің оқушыларына арналған «Мен және менің полицейім» акциясы аясында «Қауіпсіздік мектебі» атты тәжірибелік сабақ өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Кездесудің негізгі мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға деген құрметін қалыптастыру және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын дамыту.

Іс-шараға Астана қаласы Сарайшық ауданы Полиция басқармасының полиция майоры, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Мейрамкүл Байсалбекова, сондай-ақ Көші-қон басқармасының 70-ші учаскелік полиция инспекторлары Саят Успанов пен Ерсін Сайлаубекұлы қатысты.

Сабақ барысында оқушыларға заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті құрметтеу, құқық бұзушылықтың алдын алу және күнделікті өмірде қауіпсіздік ережелерін ұстанудың маңызы түсіндірілді. Полиция қызметкерлері өз тәжірибелерімен бөлісіп, оқушылардың сұрақтарына жауап берді.

Осындай танымдық кездесулер оқушылардың жауапкершілігін арттырып, полиция қызметкерлері мен жас ұрпақ арасындағы өзара сенімді нығайтуға ықпал етеді.