Қарты бар үйдің қазынасы бар

Қарты бар үйдің қазынасы бар

Қазақ қашанда қариясын төрге оздырған халық. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген сөздің астарында тұтас бір ұлттың тәрбиесі, тағылымы мен өмірлік тәжірибесі жатыр. Өйткені қария – өткеннің куәсі ғана емес, бүгінге бағыт-бағдар беріп, ертеңге аманат қалдыратын алтын көпір.

Үйдің төрінде отырған ақсақалдың бір ауыз сөзі кейде ұзақ әңгіменің түйінін тарқатады. Ал, әженің әңгімесі баланың бойына ұлттық тәрбие­нің дәнін себеді. Қазақтың «Үлкеннің батасы – ұрпаққа тілек, ақылы – өмірге азық» дейтіні содан босла керек. Өзімізде қарттардың бауырында болғандықтан атам марқұмды көрмесек те әженің баласы болып өстік. Әжем жарықтық әріден әңгімесін қозғап, таңды-таңға жалғайтын. Батырлар жырын оқып беріп ұйықтататын. Қонақтыққа бара қалса қасынан бір елі тастамайтын. Себебін сұрасақ, «Үлкендерідң әңгімесіне құлақ түре жүрсін деймін. Одан жаман болмайсыңдар, – деп үнемі құлаққа құйып отыратын. Шынында жаман болмағанға ұқсаймыз. Тағы бір есте қалатыны марқұм Қайша әжем ауылдың үлкені болғандықтан үйден қонақ арылмайтын. Әжеме амандасуға келгендер шайын ішіп, өткен мен кеткенін айтып бір жасап қалатын. Келген қонақтарға үйдің келіндері аяғынан тік тұрып қызмет ететін. Қазір ойлап отырсақ, соның барлығы сабақ екен ғой...

– Менде атам мен әжемнің тәлімін алғанмын. Батасын беріп, үнемі ақылын айтып отыратын ата-әжемді сағынып та жүрмін. Балалықпен бірдеңе бүлдіріп қойғанның өзінде қабағын шытпай, жәймен ғана түсіндіретін. Иә, «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дегенді бекер айтпаса керек. Шынында үлкен адамы бар үйдің берекесі де болады. Оны сезіп те жүрміз. Өзімізде сол үлкендер салып берген сара жолмен жүріп келеміз. Қарттардың өзімізге айтқанын өз балаларымызға айтып отырамыз. Жалпы баланың қалыптасуына қарттардың ақылы қажет-ақ. Қарттардың қабағына қаяу түсірмей қадірлей бергенге жететіне жоқ қой, – дейді Астана қаласының тұрғыны Айгүл Құлданаева.

Рас, қариясы бар шаңыр­ақта өткен мен бүгін жалғасып жатады. Кешегі күннің өнегесі бүгінгі ұрпаққа жетіп, отбасының берекесі арта түседі. Сондықтан қазақ үшін қарт – жасы үлкен адам ғана емес, әулеттің ақылшысы, отбасының берекесі, ұрпақтың рухани тірегі екені даусыз.

Бүгінде елордада қарттардың белсенді өмір сүруіне, өз­ара араласуына, денсаулығын нығайтып, түрлі қоғамдық шараларға қатысуына мүмкіндік беретін орталықтар жұмыс істейді. Солардың бірі – қарттарды белсенді ұзақ өмір сүруге баулитын орталық.

–  Жасым жетпіске жақындап келеді. Осы орталықта көп уақытымды өткіземін. Себебі осы орталықтан әңгімелесетін замандастарымды таптым. Шахмат ойнап тұрамыз. Әр түрлі жаттығулар жасаймыз. Үйде немере бағамыз, оларға ақыл-кеңесімізді айтып отырамыз. Ұрпақ сабақтастығы жайында әңгіме айтып, балалардың жаман болмауы үшін бар білгенімізді құлақтарына құйып келеміз. Мемлекет біздер үшін барлық жағдайды жасап қойған, ешкімге өкпеміз жоқ. Шүкір етіп жүріп жатырмыз, – деп ағынан жарылды астаналық ақсақал Мұрат Манханов.

– Сарайшық ауданына қарасты Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында мыңнан аса қария бар. Қарттармен жұмыс жасаудың өзі қызық. Көңілдерін кірлетіп алмауға тырысамыз. Әр түрлі іс-шараларға қатыстырып, үлкен кісілердің алғысын алу үшін қызмет етіп жатырмыз. Алды сексеннен асқан ата-әжелеріміз ақылдарын айтып отырады, – дейді Сарайшық ауданы бойынша белсенді ұзақ өмір сүру орталығының бөлім басшысы Ақсұлу Шайдоллақызы.

Қалай болған күнде де қарттардың қадірі биік бола береді. Себебі, қартын қадірлеген елдің ырыс-құты ортайған емес.