Елордадағы аға буын өкілдерінің белсенді өмір салтын қалыптастыруға, денсаулығын нығайтуға және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының құрылғанына бес жыл толады. Халықаралық қарттар күні қарсаңында осы айтулы датаға орай Қ. Қуанышбаев атындағы Ұлттық музыкалық драма театрының алаңында «Қарттарым – асыл қазынам!» атты ауданаралық мерекелік флешмоб өтті., деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Бес жыл ішінде орталық елорданың алты ауданындағы қазыналы қариялардың басын қосып, олардың бос уақытын мазмұнды өткізуіне, жаңа білім мен дағдыларды меңгеруіне, денсаулығын күтіп, өнермен айналысуына мүмкіндік беретін маңызды ортаға айналды. Мерекелік іс-шара күйшілер шеруімен басталды. Есіл, Нұра, Байқоңыр және Сарайшық аудандарынан келген 50-ге жуық домбырашы ата-әже Құрманғазының «Сарыарқа» күйін орындап, көрерменге ұлттық өнердің құдіретін сезіндірді.

Флешмоб барысында орталық жұмысының негізгі бағыттары өнер, білім, денсаулық, шығармашылық және достық арқылы көрініс тапты. «Сарыарқа» би тобының «Рух» биі ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарды дәріптесе, сән көрсетілімінде қазақтың дәстүрлі киім үлгілері таныстырылды. Сахна төрінде «Әлемді таң қалдырған қазақ әжелері», «KERBEZ MODELS», «Ақ бата», «Алтын мұра» модельдік ұжымдары мен «Еңбек терапиясы» бағытының қатысушылары өнер көрсетіп, ұлттық нақыштағы киімдерді көпшілік назарына ұсынды.

Орталықтағы маңызды бағыттардың бірі – білім мен даму. Қариялар шет тілдерін меңгеріп, цифрлық сауаттылығын арттырып, зияткерлік ойындар мен түрлі танымдық шараларға белсенді қатысып келеді. Флешмобта «Сыр сандық», «Зияткерлік», «Қазақ интеллигенциясы» топтарының өкілдері осы бағыттың мазмұнын таныстырды.

-Бүгінгі мерекелік іс-шараға 400-ге жуық зейнеткер қатысып отыр. Жалпы, Қарттар айлығы аясында елорданың алты ауданында 30-дан астам түрлі іс-шара өткізу жоспарланған. Бұл бастамалардың барлығы аға буын өкілдерінің белсенді өмір салтын қалыптастыруға, денсаулығын нығайтуға және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған. Бүгінде орталыққа 22 мыңнан астам зейнеткер келіп, түрлі әлеуметтік қызметтерді алып жүр. Мұндай мерекелік және бұқаралық іс-шаралар қарттарды бір ортаға біріктіріп, олардың белсенділігін арттыруға, өзара араласуына және оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға мүмкіндік береді, – деді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Серік Қарабатыров.
"Денсаулық – басты байлық» ұстанымы да мерекелік бағдарламадан кең орын алды. Скандинавиялық жүріс, цигун, айкүне және оңалту гимнастикасымен айналысатын зейнеткерлер белсенді қимыл-қозғалыстың адам өміріндегі маңызын көрсетті. Барлығы 120-ға жуық аға буын өкілі сауықтыру бағыттары бойынша өнері мен белсенділігін танытты. Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін «Қара жорға» биі де мерекелік кештің көркін қыздырды. Есіл, Байқоңыр, Нұра және Сарайшық аудандарының бишілері бір сахнада бас қосып, көпшілікпен бірге бой сергітті. Іс-шараның басты ерекшелігі – әр ауданның жеке өнерін ғана емес, барша қатысушының ортақ мақсат пен ортақ құндылық төңірегінде бірігуі болды. «Бес жыл – бес белес! Бес жыл – өнер! Бес жыл – білім! Бес жыл – шығармашылық! Бес жыл – денсаулық! Бес жыл – достық! Бес жыл – белсенді өмір!» деген ұран мерекелік флешмобтың негізгі идеясын айқындады. Бес жыл ішінде «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» аға буын өкілдерінің өмірін мазмұнды әрі белсенді етуге бағытталған түрлі үйірмелер мен сауықтыру, шығармашылық және білім беру бағыттарын қалыптастырды. Ауданаралық флешмоб аға буын өкілдерінің белсенді өмір салтын дәріптеп қана қоймай, ұрпаққа ұлттық құндылықтарды жеткізудің, достық пен бірлікті нығайтудың жарқын үлгісіне айналды.

Райхан Рахметова