Астанада дәстүрлі «Соғым-FEST» ет жәрмеңкесі кезекті рет ұйымдастырылды. Биыл жәрмеңке елорданың үш сауда алаңында өтіп, еліміздің әр өңірінен келген шаруалар тұрғындарға ет өнімдерін тиімді бағамен ұсынды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Ұйымдастырушылар «Соғым-FEST» – қазақ халқының ежелден келе жатқан соғым дәстүрін жаңаша форматта жалғастырып, отандық фермерлер мен қала тұрғындарын бір алаңға тоғыстырған жоба екенін айтады.
Жәрмеңкеде сиыр етінің бір келісі 3 300 теңгеден, жылқы еті 3 500 теңгеден, ал қой еті 3 700 теңгеден сатылды.

Сонымен қатар, Сауда алаңына шығарылған барлық ет өнімдері алдын ала зертханалық тексеруден өткізіліп, олардың сапасы мен қауіпсіздігіне бақылау жасалды.
«Ет – қарапайым халықтың ең көп тұтынатын негізгі азық-түлігінің бірі. Сондықтан осындай жәрмеңкелердің ұйымдастырылуы өте орынды. Мұнда тұрғындар етті өздеріне тиімді бағамен сатып ала алады. Өзім Арқалық жақтан боламын. Жаңа ғана сол өңірден жеткізілген жылқы етін алдым. Бағасы да қолжетімді – келісі 3 500 теңгеден. Жалпы, 25 келі ет сатып алдым. Осындай жәрмеңкені ұйымдастырған азаматтарға және қала әкімдігіне алғысымды білдіремін», – дейді тұтынушы Бердіқұл Айнияз.
Айта кетейік, «Соғым-FEST» жәрмеңкесі Keruen Joly сауда орталығы – Алаш тасжолы, 35Б; «Ет Әлемі» сауда орталығы – Алаш тасжолы, 31/1; Jurt сауда орталығы – Бейбарыс Сұлтан көшесі, 3 сынды елорданың үш сауда алаңында ұйымдастырылды.
Жәрмеңке сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейді.
Шапағат ӘБДІР