Алматы халықаралық әуежайы ішкі рейстерге арналған жаңғыртылған терминалды (Т1) ресми түрде ашты. Ашылу салтанатына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Көлік министрі Әсел Жанасова, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, TAV Airports Holding компаниясының бас директоры Серкан Каптан, әуежай басшылығы, мемлекеттік органдардың, авиация саласының өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Ресми салтанат басталғанға дейін Алматы халықаралық әуежайының президенті Гөкер Көсе қонақтарға терминалдың жаңартылған инфрақұрылымын таныстырып, 13 ай ішінде жүзеге асырылған жаңғырту жұмыстарының негізгі нәтижелерін баяндады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін нығайтуға, әуежайларды жаңғыртуға және азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға ерекше көңіл бөледі. Жаңартылған терминалдың ашылуы – осы жұмыстың нақты нәтижесі. Еліміздің іскерлік және қаржы орталығы – Алматы қаласы үшін әуежайды дамытудың маңызы зор. Бұл жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, қаланың туристік және іскерлік әлеуетін дамытуға, сондай-ақ оның өңірдегі ірі авиациялық торап ретіндегі рөлін нығайтуға ықпал етеді.», – деді Әсел Жанасова.
Т1 терминалын қайта жаңғырту жұмыстары 2025 жылғы қыркүйекте Алматы халықаралық әуежайын 2050 жылға дейін дамыту жөніндегі Бас жоспарды іске асырудың алғашқы кезеңі – Horizon бағдарламасы аясында басталды. Жаңғыртуға салынған инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 32 млн АҚШ долларын құрады.
Жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп, бұл терминалдың қалыпты жұмысын сақтауға және қайта жаңғырту кезеңінде жолаушыларға үздіксіз қызмет көрсетуге мүмкіндік берді.
Жаңғырту нәтижесінде жалпы ауданы 1 700 шаршы метрді құрайтын тіркеу аймағы толық жаңартылып, 23 жаңа тіркеу орны орнатылды. Ұшу алдындағы тексеру аймағы кеңейтіліп, өткізу жолының ені 2 метрден 3,5 метрге дейін ұлғайтылды. Отырғызу талондарын сканерлеуге арналған автоматты турникеттер саны үштен беске дейін көбейді.
Ұшаққа отырғызуға арналған барлық сегіз шығу аймағы жаңартылып, күту орындарының саны арттырылды. №1 шығу аймағындағы күту залының ауданы 200-ден 350 шаршы метрге дейін кеңейтілді. Сонымен қатар үш жаңа телескопиялық трап орнатылды.
Жүк өңдеу инфрақұрылымында да ауқымды өзгерістер жүргізілді. Ұшып келу және ұшып кету бағыттарындағы багажды сұрыптау және өңдеу аймақтарының ауданы едәуір ұлғайтылды. Багаж конвейерлерінің жалпы ұзындығы 85 метрден 228 метрге дейін артты. Сондай-ақ багаждың ішкі құрамын үш өлшемді форматта егжей-тегжейлі көруге мүмкіндік беретін заманауи тексеру жүйесі енгізілді.
Электрмен жабдықтау, желдету, жылыту, өрт дабылы және автоматты өрт сөндіру жүйелерін қоса алғанда, негізгі инженерлік жүйелер толық жаңартылды. Терминалдың ішкі кеңістігінде ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, төбе конструкциялары ауыстырылды, қабырғалар мен бағандар жаңартылды.
Жолаушылардың жайлылығына да ерекше көңіл бөлінді. Барлық 14 санитарлық бөлме күрделі жөндеуден өткізіліп, ана мен бала бөлмесі жаңартылды, лифтілер ауыстырылды. Жаңа сауда орындары мен қоғамдық тамақтану нысандары ашылды.
Жаңғыртудан кейін ішкі рейстер терминалы жылына 9 млн жолаушыға дейін қызмет көрсету мүмкіндігіне ие болды. Салыстыру үшін, бұрын барлық жолаушылар ағыны бір терминал ғимаратында қызмет көрсетілген кезде бұл көрсеткіш жылына шамамен 3,2 млн жолаушыны құраған.
Т1 терминалын жаңарту Horizon бағдарламасының негізгі жобаларының бірі болды. Бағдарлама терминалды жаңғыртумен қатар әуежайдың аэродромдық және техникалық инфрақұрылымын кешенді дамытуды қамтиды.
Негізгі жобалардың қатарында Орталық Азиядағы әуе кемелеріне мұздануға қарсы өңдеу жүргізуге арналған алғашқы мамандандырылған алаңның құрылысы, ұзындығы 4 000 метр болатын жаңа рулеждік жол салу, бетон жабыны бар ұшу-қону жолағының бірін реконструкциялау, VIP перрон мен әуе кемелеріне арналған тұрақтарды жаңарту, жүк перронын дамыту және әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуге арналған ангар салу бар.
Ішкі рейстер терминалын жаңғырту – Алматы халықаралық әуежайын ұзақ мерзімді дамыту стратегиясының маңызды кезеңі. Стратегия жолаушылар ағынының өсуіне сай қызмет көрсетуге, қызмет сапасын арттыруға және Алматы қаласының Орталық Азиядағы жетекші авиациялық әрі көлік-логистикалық орталық ретіндегі рөлін нығайтуға мүмкіндік беретін заманауи, технологиялық және тұрақты авиациялық инфрақұрылымды қалыптастыруға бағытталған.