Елордада Қарттар күніне арналған ауқымды мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты концерт Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара қалалық Ардагерлер кеңесінің бастамасымен, елорда әкімдігінің қолдауымен өтті. Концерт бағдарламасының басты ерекшелігі – музыка мен шығармашылық арқылы қазақтың төл дәстүрлерін жаңғыртып, дәріптеуге мән берілуі. Сахнада талантты күйшілердің орындаған күйлері, халық әндері, сондай-ақ ұлттық ансамбльдердің әсерлі көрсетілімдері ұсынылды. Көрермен әрбір қойылымды ыстық ықыласпен қабылдап, ду қол шапалақтады.
«Қарттар күні – күнтізбедегі жай ғана дата емес, аға буынға олардың көп жылғы еңбегі мен елорданың дамуына қосқан үлесі үшін зор алғыс білдіруге себеп болатын ерекше күн. Бүгін Е. Рахмадиев атындағы филармонияда өткен концерттің мақсаты – мерекелік көңіл-күй сыйлап қана қоймай, мәдениетіміздің байлығын еске салу. Біз бағдарламаның дәстүрлі күйлер, халық әндері мен ансамбльдердің өнері арқылы қазақ халқының дәстүрін барынша көрсетуге тырыстық. Бастамаларымызға үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан қала әкімдігіне зор алғыс білдіреміз», – деді Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов.
Көрермен концерт ерекше ықыласпен тамашалады. Іс-шараға қатысушылар мен қонақтар өз әсерлерімен бөлісті.
«Концерт керемет өтті. Залдағы атмосфера өте жылы әрі әсерлі болды. Күйлер мен халық әндері орындала бастағанда, қуаныштан көзіме жас келді. Мұндай іс-шаралар бізді біріктіріп, күш-қуат береді әрі өзіміздің қажет және қадірлі адам екенімізді сезінуге мүмкіндік береді», – деді елорда тұрғыны, еңбек ардагері Балжан Каримова.
Айта кетейік, концертке зейнеткерлермен қатар, аға буын өкілдеріне қолдау көрсетуге келген жастар да қатысты.
«Зейнеткер ата-анаммен бірге концертке келіп, ерекше әсер алдым. Әсіресе бәрі жанды дауыста болғаны қуантады. Бұл – ардагерлерімізге мерекеге орай әзірленген ерекше сый болды. Осындай әсерлі мерекені ұйымдастырғандарыңызға алғысым шексіз» – деді көрермен Айбек Жолдасбаев.
Е. Рахмадиев атындағы филармонияда өткен мерекелік кеш Астанада аға буын өкілдеріне зор құрмет көрсетілетінін тағы бір мәрте айқын көрсетті.