Жуырда Астана қаласы мәслихатының депутаттары Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қала аудандарындағы филиалдарын аралап шықты. Олардың жұмысын көріп, аға буын өкілдерімен жүздесіп, ұсыныс-пікірін тыңдады.
Қалалық мәслихат депутаты, мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағасының орынбасары Алтыншаш Табулдина Сарыарқа ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ерекше қыры шығармашылық екенін айтады.
Мұнда «Замандастар», «Сарыарқа», «Ветеран», «Әжелер шаңырағы» вокал топтары, «Әгугай» этнофольклор ансамблі және бірнеше би ұжымы жұмыс істейді. «Әгугай» ансамблі халықаралық Astana Summer Fest-те, «Әдемі дәуір» би ұжымы Qazaq Art халықаралық байқауында гран-при иеленген. Ал «Кербез» модельдер тобы Қытайда өткен халықаралық мәдениет және өнер фестивалінде қазақтың ұлттық киімдерін таныстырып, «Ұлттық киімдер көрсетілімі» аталымында «Алтын» жүлдеге ие болған. Бірақ орталықтың жұмысы шығармашылықпен ғана шектелмейді. Реабилитация гимнастикасы, тренажер залы, йога, пилатес, скандинавия жүрісі, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ және басқа да бағыттар бар. Орталық ашылғалы бері 3544 адам тіркелген. 2026 жылдың 9 айында 761 адам жаңадан қосылып, қыркүйек айындағы қамту 909 адамды құрады.

– Мен үшін ең маңызды көрсеткіш тек сандар емес. Бірнеше жыл бұрын ғана қалыптаса бастаған бұл орталықтардың бүгінде аға буын үшін шын мәнінде қажет ортаға айналғанын көруге болады. Мұнда адамдардың өз ортасын тауып, жаңа нәрсе үйреніп, спортпен айналысып, шығармашылығын жалғастырып жүргенін көрдік. Белсенді ұзақ өмір сүру – жасқа қарамай, өмірге деген қызығушылықты, қозғалысты және адамдармен байланысты сақтай білу, – дейді Алтыншаш Табулдина.
Депутаттың айтуынша, Байқоңыр ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында ерекше әсер еткені – адамдардың көңіл күйі мен бір-бірімен қарым-қатынасы.
– Мұнда әр адамның өз қызығушылығы, өз айналысатын ісі, өз ортасы бар. Бірі ән айтып, бірі би билейді, енді бірі шахмат ойнап немесе қолөнермен айналысады. Жас ұлғайған сайын адамның қызығушылығы мен белсенділігі азаяды деген түсініктің бұл жерге мүлде қатысы жоқ. Орталықта вокал және би ұжымдары, домбыра ансамблі жұмыс істейді. Йога, пилатес, скандинавия жүрісі, тоғызқұмалақ, тігін, арт-терапия және қазақ тілі сабақтары ұйымдастырылған. Тағы бір маңызды бағыт – орталық мүмкіндігінің бір ғимаратпен шектелмеуі. Өндіріс көшесіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенімен бірлесіп, қосымша спорт және басқа да сабақтар өтеді. Орталық ашылғалы бері 3595 адам тіркелген. 2026 жылдың 9 айында 444 адам жаңадан қосылып, қыркүйек айындағы қамту 850 адамды құрады. Бірақ бұл жердегі ең маңызды нәтиже тек осы сандарда емес. Адамның үйден шығатын жері, асығып баратын ортасы, сөйлесетін достары және қызығушылығының болуы да өмір сапасының маңызды бөлігі, – дейді депутат.
Алтыншаш Табулдинаның пікірінше, Алматы ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында айналысатын істі таңдау мүмкіндігі көп. Мұнда 30-дан астам клуб жұмыс істейді. Реабилитация гимнастикасы, тренажер залы, йога, пилатес, скандинавия жүрісі мен биден бастап, вокал, домбыра, гитара, қолөнер, ағылшын тілі мен компьютер сауаттылығына дейін түрлі бағыт қамтылған.
– Біреу мұнда денсаулығын нығайту үшін келеді, біреу бұрыннан қызыққан ісімен айналысады, енді бірі мүлдем жаңа нәрсені үйренеді. Ең бастысы – адамның зейнетке шыққаннан кейін де өзіне қызықты ортасы мен күнделікті айналысатын ісінің болуы. Орталық ашылғаннан бері 3903 адам тіркелген. 2026 жылдың
9 айында 743 адам жаңадан қосылып, қыркүйек айындағы қамту 951 адамды құрады. Осындай орталықтарды аралаған сайын белсенді ұзақ өмір сүрудің тек дене шынықтырумен шектелмейтінін көресің. Бұл – жаңа білім, шығармашылық, қарым-қатынас, қозғалыс және өзіңді қоғамның белсенді мүшесі ретінде сезіну. Адамның жасы ұлғайған сайын мүмкіндігі азаюы міндетті емес. Керісінше, бос уақытын өзіне бұрын жетпей жүрген дүниелерге арнауға мүмкіндік пайда болады. Ол үшін қолжетімді орта болуы керек, – дейді Алтыншаш Табулдина.
Сарайшық ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы филиалдардың арасында ең соңғысы болып ашылды.
– Бұл – жаңа қалыптасып келе жатқан аудандық орталықтардың бірі. Мұнда аға буынның дене шынықтыруына, шығармашылығына, бос уақытын мазмұнды өткізуіне және өзара қарым-қатынасына арналған бірнеше бағыт қатар дамып келеді. Реабилитация гимнастикасы, тренажер залы, пилатес, йога, би, үстел теннисі, қолөнер, арт-терапия, шахмат пен тоғызқұмалақ секілді сабақтар бар. «Сарайшық сазы», «Тұмар», «Шабыт» ансамбльдері және бірнеше би ұжымы жұмыс істейді. «Тұмар» этнофольклор ансамблінің Бішкекте өткен Zhuldyz Art халықаралық өнер байқауында гран-при иеленуі – бұл жерде адамдардың жай ғана уақыт өткізіп қоймай, өз қабілетін дамытып, жаңа белестерге ұмтылып жүргенінің жақсы бір дәлелі.
Орталықта өнермен қатар, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге де көңіл бөлінеді. Асық ойынының ережелері мен маңызы түсіндіріліп, оны қайта жаңғыртуға, кейінгі ұрпаққа жеткізуге бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Бұл – дәстүрді сақтаудың қарапайым әрі әсерлі жолы.
Орталыққа келушілермен әңгімелескенде олардың айтқан бір сөзі ерекше есте қалды: «Осында келіп, орта таптық. Әйтпесе үйде отыра беретін едік» дейді. Шын мәнінде, мұндай орталықтардың ең үлкен құндылығы да осында шығар. Адамдар бір-бірімен араласады, жаңа достар табады, қызығушылығы ортақ орта қалыптасады, өзіне қажет екенін сезінеді.
Біз үшін маңыздысы – жаңа ауданда да аға буынға арналған осындай ортаның қалыптасып, адамдардың оған белсенді түрде тартылуы. Қаланың өсуімен бірге мұндай әлеуметтік инфрақұрылым да дамып, әр ауданның тұрғынына қолжетімді болуы керек. Өйткені белсенді ұзақ өмір тек денсаулық емес, ол – қарым-қатынас, қызығушылық, шығармашылық және қоғамның бір бөлшегі болып қалу мүмкіндігі, – дейді депутат.