Қаптамадағы ауыз суды сатып аларда нені білу қажет?

Қаптамадағы ауыз суды сатып аларда нені білу қажет?
фото: Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті

Жаз мезгілінде ағзаның суға деген қажеттілігі артады. Ыстық ауа райында көпшілік шөлді қандыру үшін қаптамадағы ауыз суды жиі тұтынады. Дегенмен, кез келген бөтелкедегі су бірдей емес. Сондықтан денсаулығыңызды қорғау үшін қаптамадағы ауыз суды таңдау кезінде оның сапасы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет. Осы ретте қаптамадағы ауыз суды сатып аларда нені ескеру қажеттігін Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұқамғаи Арыспаев айтып берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

-Ең алдымен, судың қандай мақсатқа арналғанын анықтап алған жөн. Қаптамадағы су ауыз су, табиғи минералды су және балалар тағамына арналған су болып бөлінеді. Күнделікті тұтынуға асханалық ауыз су немесе асханалық минералды су қолайлы. Ал емдік және емдік-асханалық минералды суды тек дәрігердің ұсынымымен пайдалану қажет. Суды сатып аларда бөтелкенің бүтіндігіне назар аударыңыз. Қаптамасы майыспаған, қақпағы мықтап жабылған, қорғаныш сақинасы бүлінбеген болуы тиіс. Сондай-ақ заттаңбасы тегіс жапсырылып, ондағы ақпарат анық әрі толық көрсетілуі қажет. Өндірілген күні, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, судың құрамы және шыққан көзі міндетті түрде жазылуы тиіс. Сапалы ауыз су мөлдір болады. Оның құрамында тұнба, үлпек немесе бөгде қоспалар болмауы керек. Егер судың түсі өзгерген немесе бөтелке ішінде бөгде бөлшектер байқалса, мұндай өнімді пайдаланудан бас тартқан дұрыс, - дейді маман. 

Оның айтуынша, балалар тағамына арналған су ерекше талаптарға сәйкес өндіріледі. Оның минералдану деңгейі төмен болады, сапасы қатаң бақылаудан өтеді және 1 жасқа дейінгі балаларға арналған жағдайда қайнатпай пайдалануға жарамды. Қаптамадағы суды дұрыс сақтау да маңызды. Оны +2°С пен +20°С аралығындағы температурада, күн сәулесі тікелей түспейтін, құрғақ әрі жақсы желдетілетін жерде сақтау ұсынылады. Пластик бөтелкелерді қыздыруға болмайды, себебі жоғары температураның әсерінен пластиктен суға зиянды заттар бөлінуі мүмкін.
Бөтелке ашылғаннан кейін суды тоңазытқышта сақтап, 3–5 күн ішінде тұтынған жөн. Ал көлемі үлкен бөтелкелерді (19 литр) пайдаланатын кулерлер мен помпаларды арнайы бактерияға қарсы құралдармен жүйелі түрде жуып, залалсыздандыру қажет.

-Қазақстан Республикасында қаптамадағы ауыз судың сапасы мен қауіпсіздігі Еуразиялық экономикалық одақтың «Қаптамадағы ауыз судың, оның ішінде табиғи минералды судың қауіпсіздігі туралы» Техникалық регламентімен (ТР ЕАЭО 044/2017) және қолданыстағы санитариялық талаптармен реттеледі. ЕАЭО нарығында мұндай өнімді рұқсат құжаттарынсыз айналымға шығаруға жол берілмейді. Балалар тағамына арналған ауыз суға, емдік және емдік-асханалық минералды суға мемлекеттік тіркеу туралы куәлік рәсімделеді. Ал асханалық минералды суға, табиғи және өңделген ауыз суға сәйкестік туралы декларация ресімделеді. Бұл құжаттар өнімнің белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растайды, - дейді ол.

Тұтынушыларға кеңес:
•    суды тек сенімді сауда орындарынан сатып алыңыз;
•    заттаңбадағы ақпаратпен міндетті түрде танысыңыз;
•    жарамдылық мерзімі өткен немесе қаптамасы бүлінген өнімді сатып алмаңыз;
•    бөтелкені тікелей күн сәулесінің астында сақтамаңыз;
•    ашылған суды ұзақ уақыт сақтамай, ұсынылған мерзімде тұтыныңыз.

Сапалы ауыз суды дұрыс таңдау – өз денсаулығыңыз бен отбасыңыздың қауіпсіздігін қорғаудың маңызды кепілі.