Ұлттық әдебиеттің ғана емес, әлемдік классикалық дүние ретінде төрдегі сөреден орын алған заңғар жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» трилогиясын оқымаған жан кемде-кем. Күнделікті күйбең тіршіліктен жалыққанда бетін парақтап ашып оқитын кітаптың бірі осы – «Қан мен тер».
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармасы желісімен «Қан мен тер» драмасының премьерасын көрерменге ұсынды.
Спектакльдің қоюшы режиссері – Нұрлан Жұманиязов. Сахналық нұсқасын жасаған – Тілектес Мейрамов. Премъера Халық қаһарманы, КСРО-ның, Қазақ КСР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреты профессор Әзірбайжан Мәмбетовтың рухына бағышталды.
Премъераға келіп, өнер туындысына қуанып, қол шапалақтаған халықта есеп жоқ, аншлагпен өтті. Театрдағы қойылымға ұлт зиялылары, қаламгерлер, өнертанушылар, жастар қатысты. Қатты қуанған сәтіміз – залда қазақ жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, драматург, қоғам қайраткері, абыз ақсақал Төлен Әбдікті кездестіруіміз еді. Соңыра аңыз жазушыдан премъера туралы аз-кем пікірін сұраған едік, қысқаша айтып өтті.
- Күрделі шығармадағы кейіпкерлердің жанталас өмірін, бір-бірімен текетіресін, барлығын сахнада әдемі бейнеледі. Сондықтан, қоюшы режиссерге, сахналық нұсқасын жасаған өнер адамдарына, театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Мерғалиеваға да рахмет айтамын. Құтты болсын, табыстан табысқа жете беріңдер деймін. Театрға рахмет, романды, үлкен дүниелерді жоғары көркемдік деңгейде сахнаға әкеліп қойып жатыр, мысалы, менің «Парасат майданымды» театр сахнасында көрсетті, ризамын! – деді Төлен Әбдік.
Көрермен ретінде қатысқан Қазақстанның мемлекет қайраткері, журналист, әдебиеттанушы, ҚР Президентінің кеңесшісі.Бауыржан Омаров ағадан ескіні жаңартқан қойылым туралы пікірін сұраған едік, мазмұнды ойларын айтты.
- Осы елде туып, ауасы мен суын жұтқан мен үшін сахнадағы әрбір көрініс, балықшылар өмірі – сағынышымды ұлғайтып, балалыққа, жастыққа қарай ұмтылған ең бір аяулы сәттер дер едім. Бұл шығарманың кітаптағы нұсқасын, кинодағы үлгісін, басқа қойылған дүниелерді көріп жүріп, бүгін басқаша, ұлттық деңгейде сипат алған қойылымын тамашалап, ерекше әсер алдық. Әрине, спектакльді басқаша, ұлттық сипатта қою оңай нәрсе емес. Кейіпкерлер ролін актерлар жақсы алып шықты, Еламан, Ақбала, Тәңірберген рольдері сахнада басқаша сипатта көрінді, сол үшін де өнер ұжымын, режиссер, шығармашылық топты осынау табысты еңбегімен құттықтаймын, еңбегі жемісті болсын, классикалық дүниенің жаңаша жаңғыруы, ортамызға басқа леппен оралуы бойымызға қуаныш ұялатады, - деді Бауыржан Жұмаханұлы өз сөзінде.
Премъераға қатысқан ақын, журналист, ғалым Амантай Шәріп ағамыздың қойылымнан алған әсері де мазмұнды. Ойға жетелейді.
- Бала кезімізді «Қан мен терді» халық театрында қойғанын көрдік, одан кейін, міне Әзірбайжан Мәмбетовтың рухына бағышталған тамаша қойылымды тамашалап, айрықша әсерленіп отырған жайымыз бар. Көрермен ретінде маған сахнадағы алғаш естілген музыка, әуен ерекше әсер етті. Осы әуенді мен ақын інім Бауыржан Бабажанұлының айтуымен кезінде балығы тайдай тулаған Арал теңізінің Қарақалпақстандағы Мойнақ елді мекеніне келген тұсында, суы тартылып, кемелері қайраңда қалған «Кемелер қабірстаны» орнында болып, музейіне кірген болатынмын. Сонда теңіздің трагедиясы туралы түсірілген фильмде осы әуен ойналды, жадымда сақталды. Спектакль басталғанда әу дегеннен осы әуенмен басталғаны – жүрегімді шымырлатып жіберді. Басталуының өзі жүректерге жетті. Маған ұнады. Әр көрерменнің өз қабылдауы бар ғой, көрермен ретінде маған, әсіресе, режиссердің көркемдік шешімі – ана жағында Еламан, мына жағында Тәңірберген ортасында – Ақбала - өз өкінішімен, трагедиясымен – опынумымен аяқталады. Сосын осы премъераға атақты классик жазушы Төлен Әбдіктің келуі – айрықша сипат берді деп ойлаймын. 20 ғасырдың басында болған нәрсені бүгінгі күнге алып келіп, жаңаша, аса биік көркемдік деңгейде жаңғырту – шығармашылық топтың, театрдың шоқтығы биік екендігін көрсетеді, -дед» Амантай Жарылқасынұлы өз әсерімен бөлісе отырып.
Өз кезегінде қойылым режиссері Нұрлан Жұманиязов келгендерге, көрермендерге алғысын айтты.
Кітаптағы романның сахналануы, оның ішінде әлемдік классикаға айналған шығарманы синхронндап, сахнада көрерменге ұсыну – оңай дүние емес. Астана қаласындағы қазақ өнеріндегі ерек мәдениет ошағы –Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры «Қан мен тер» драмасының премъерасын елорда халқына, қала қонақтарына жоғары деңгейде, ерекше ұлттық сипатта, әсерлі ұсынды. Жаңаша жаңарған, тың биікте түлеген қойылым премъерасы – қазақ өнерінің алтын жауhарына айналды, көрерменнің парасат-пайыме, танымын биіктете түсті. Мақсат орындалды. Ал, «Жақсы – қашан да ортақ». Қаллеки театрына, қазақ өнеріне құтты болсын айтып, жақсы ойымызды жаздық. Ұзағынан сүйіндіргей!
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ