Республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары, аталған бірлестіктің Астана қаласы бойынша филиал төрағасы, қала әкімдігінің жасөспірімдердің құқығын қорғау комиссиясының мүшесі, «Бала толағай» федерациясының президенті Бекдайыр Күзембай отбасын сақтауда және мықты әулет негізін қалауда әкенің рөлі зор деп санайды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Оның айтуынша, нағыз әке нан табумен ғана шектелмей, балаға да көңіл бөлуі керек.
-Әке мейіріміне бөленбеген бала – елін, ұлтын сүйетін азамат бола ала ма? Сол үшін әке түзде жүріп, үйдің де жайын ойлағаны жөн. Баланың қалыптасуына ата-анасы, туыстары, достары, ұстаздары, бір сөзбен айтқанда ортасы әсер ететіні бесенеден белгілі. Бала осылардың қайсысымен көбірек уақыт өткізіп, қайсысын үлгі тұтса соған мінез-құлқы ұқсап кетеді екен. «Достары кімдер, қоршаған ортасы қандай» деген оймен әкелер (аналар да) балаларымен қаншалықты ашық сырласады, мәселе осында? Міне бұл ойланатын мәселе. Менің естуім бойынша, ата-ана баласын күніне кемінде он екі рет құшақтап, жақсы көретінін айтуы керек екен. Ал біз қазір қандаймыз? «Абайдың шыққан биігі, Құнанбайдың иығы» дейтін ауызша айтылып жүрген өнегелі сөз бар, баласының ғұлама, ғалым болмаса да, ең бастысы адам болуын ойлаған әке әуелі өзі мықты болуы қажет», деді Бекдайыр Нығметұлы.
«Әкелер одағы» өкілінің айтуынша, мықты әке дегеніміз – жауапкершілікті мойнына алып, әлсізге сес көрсетпейтін, қиындық келсе қорған бола білетін, отбасын сақтау үшін жауға да, дауға да қарсы тұра алатын адам, - дейді ол.
Сондықтан отбасындағы әкенің рөлін күшейтіп, беделін бұрынғыдай өсірсе отбасы институты да нығая түсері анық.