Ықпалдастық көкжиегі кеңейді

Ықпалдастық көкжиегі кеңейді
фото: Aqorda

Басылымның өткен санында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың шақыруымен Бельгиялықтар Королі Филипп және Патша­йым Матильда Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгенін жазған едік. Сапар аясындағы жүздесулер одан әрі жалғасты. Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда-саттық шамамен 10 пайызға өскенін мәлімдеді.

Соңғы 20 жылда бельгиялық компаниялар экономикамызға 15 миллиард доллардан астам қаржы құйған. Қазақстаннан Бельгияға зығыр тұқымы, молибден кендері мен концентраттары, титан және одан жасалған бұйымдар, сондай-ақ бидай экспортталады. Бельгиядан елімізге дәрілік заттар, қазандықтарға арналған қосалқы жабдықтар, мұнай өнімдері, тракторлар мен ауыл шаруашылығы техникасы, сондай-ақ вакциналар және басқа да медициналық препараттар жеткізіледі.

Ұлттық музейге барды

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Король Филипп және Патша­йым Матильдамен бірге Ұлттық музейді аралады. Мәртебелі меймандар музей кешенінің сәулеттік ерекшеліктерін және Ұлы даланың мәдени-тарихи мұрасын паш ететін экспозициялар кеңістігін тамашалады. Әсіресе, бірегей археологиялық қазбалар, ежелгі зергерлік өнер үлгілері, соның ішінде Есік қор­ғанынан табылған «Алтын адам» мен Берел, Талды-2, Тақсай, Шілікті обаларынан шыққан алтын бұйымдар қойылған Алтын залына ерекше назар аударылды. Этнография залында қонақтар қазақ халқының салт-дәстүрімен, тұрмысымен, материалдық және рухани мәдениетімен танысты. Сондай-ақ бельгиялық суретші Джеймс Энсор шығармаларының көрмесі ұсынылды. Бельгиялықтар Королі мен Патшайымы Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.

Ат баптау дәстүрімен танысты

Бельгиялықтар Королі Филипп пен Патшайым Матильда сапар аясында халқымыздың бай мәдениетімен және рухани мұрасымен етене танысуға айрықша мән беруде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың резиденциясында құрметті қонақ болған корольдік отбасы шетел басшылары елімізге сыйға тартқан асыл тұқымды арғымақтарды да тамашалады. Король мен Патшайымға бапкерлер сәйгүліктердің шығу тегі, күтімі туралы әңгімелеп, қазақ халқының ұлттық ойындарынан шағын көрініс қойды.

Ынтымақтастық әлеуеті зор

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король Филипп Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысына қатысты. Мемлекет басшысы Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысында Король Филипп пен Патшайым Матильдаға ілтипат білдірді. Президент мәртебелі меймандардың осы іс-шараға қатысуы тату достық пен екіжақты серіктестікті жаңа әрі сапалы деңгейге шығаруға деген ортақ ұмтылысты көрсететінін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Қазақстан экономикасындағы 10 ірі инвестордың қатарына кіретінін айтты. Соңғы 20 жылда бельгиялық компаниялар экономикамызға 15 миллиард доллардан астам қаржы құйған.

«Елімізде агроөнеркәсіп ке­­шені, денсаулық сақтау, фармацевтика, озық технологиялар мен энергетика салаларында 100-ден астам бельгиялық және бірлескен кәсіпорын табыс­ты жұмыс істейді. Олардың қатарында Jan De Nul, Sarens және Ahlers сияқты жетекші бельгиялық компаниялар бар. Екіжақты сауда көлемінің өсіп келе жатқаны қуантады. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда-саттық шамамен 10 пайызға өсті. Сонымен қатар сауда үдерістерін жеңілдету және тауар айналымы өсімін арттыру үшін әлі де көп жұмыс атқаруымыз қажет. Сонда ғана халықтарымыздың қалауына қол жеткізетінімізге сенімдімін. Қазақстан Бельгияның Орталық Азия аймағындағы ірі сауда серіктесі саналады» деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы жасанды интеллект пен технологиялық индустрияны дамыту өзара серіктестіктің негізгі басымдығы екенін айтты.

«Жасанды интеллект пен цифрлық технология мүмкіндігін пайдалана отырып, AlemAi, Alatau City секілді ірі бастамаларды жедел іске асырамыз. Өнеркәсіптің озық салалары аталған орталықтарда қалыптасады. Бельгияның жартылай өткізгіштерді зерттеу саласында позициясы мықты. Осы артық­шылықты ескеріп, бірлескен жобаларды іске асыруға және серіктестікті дамытуға болады» деді Президент.

Президент жасыл энергетикаға көшу және цифрлық экономиканы дамыту аса маңыз­ды минералдар саласындағы өндірістік кооперация мүмкіндіктеріне жол ашатынына тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Король Филипптің мемлекеттік сапары аясында аса маңызды минералдар бойынша Қазақстан-Бельгия дөңгелек үстелі ұйымдастырылғанын атап өтті.

«Еліміз Еуропа өнеркәсібі үшін ауадай қажет 34 шикізат түрінің 21-ін өндіреді. Сонымен қатар Бельгияға титан мен молибден өнімдерін тасымалдай­ды. Біздің ресурс әлеуетіміз бен Бельгияның инвестициясын, технологиясы мен білім-білігін ұштастыра отырып, осы өте ма­ңызды салада стратегиялық серіктестік құра аламыз. Бұл жолғы іс-шараның нәтижесі нақты инвестиция және технология жобаларына ұласады деп үміттенемін. Мақсатымыз – отандық өңдеу өнеркәсібін өркендетіп, қосылған құны жоғары тауар шығару. John Cockerill және Qarmet компаниялары мырышталған болат пен қорғаныш жабындарын өндіру бойынша серіктестікті жолға қоймақ. Бельгиялық әріптестердің геологиялық барлау, шикізат және металл өңдеу жобаларына қатысуын құптаймыз» деді Президент.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы инвестициялық климатты жақсарту, заңнаманы жетілдіру, адал бәсекені қорғау және инвесторлармен тікелей диалог өрбіту бойынша қабылданып жатқан жүйелі шараларға тоқталды.

«Халықаралық зерттеу және рейтинг агенттіктерінің бағалауына сәйкес, жуықта Қазақстан әлемнің ең ықпалды елдерінің арасында 34-орынға тұрақтады. Макроэкономика көрсеткіштеріне зер салсақ, еліміз көптеген салада, атап айтқанда, әлеуметтік қорғау, инновациялық саясат, цифрландыру, ЖИ-ді дамыту, сыртқы саясат, ғылым және білім, заң үстемдігі қа­ғидатын орнықтыру, қоршаған ортаны аялау, экологиялық мәдениетті ілгерілету, волонтерлік қозғалысты қолдау, ең маңыздысы, адамның құқығы мен бостандығын қорғауда елеулі прогреске қол жеткізді. Бұл қағидаттардың барлығы Конституцияда бекітілген. Азаматтар, Президент ретінде мен де оны мүлтіксіз сақтауымыз қажет. Біздің ұранымыз – «Бірлігіміз – әралуандықта!». Аталған қағидатқа сүйене отырып, елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтауға бар күшімізді саламыз. Осылайша, барлық шетелдік, соның ішінде Бельгия компанияларына қолайлы әрі ашық іскерлік климат қалыптастырдық» деді Президент.

Король Филипп Брюссельде және Астанада Еуропа мен Орталық Азия арасындағы байланыстарды нығайтуға қажетті алғышарттардың барлығы бар екенін атап өтті.

«Еуропалық одақтың дәл ортасында орналасқан Бельгия Еуропа нарығына шығатын қақпа ретінде елеулі рөл атқарады. Сондай-ақ технология, инновация, таза энергетика, логистика және халықаралық сауда саласында айтарлықтай тәжірибеге ие. Ал Қазақстан еуразиялық кеңістіктің маңызды аумағы саналады. Географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасуының және мол табиғи ресурстарының арқасында Қазақстан әлем экономикасында ерекше орны бар аймақтық сауда, инвестиция және жасыл экономиканы дамыту орталығына айналды. Мұның бәрі ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге шынайы негіз болады» деді ол.

Бельгиялықтар Королі екі елдің бизнес өкілдерін энергетика, аса маңызды минералдар, көлік-логистика, қаржы және туризм сияқты перспективті салаларда ықпалдастықты жандандыруға шақырды.

«Бельгия мен Қазақстанның арасы географиялық жа­ғынан ­алшақ болғанымен, мақсат-мұраттарымыз, амал-­әрекеттеріміз және табандылы­ғымыз тұрғысынан өте жақын елдерміз» деді Король Филипп.

Alem.ai орталығын аралады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Бельгиялықтар Королі Филипп пен Патшайым Матильдаға музей экспозициясы, роботты техника аймағы және ЖИ-кинотеатр мүмкіндіктері таныстырылды. Құрметті қонақтарға Alem.ai орталығын дамытудың ұзақмерзімді стратегиясы, TUMO Astana білім беру бағдарламасы, сондай-ақ Қазақстан-Бельгия бірлескен жасанды интеллект және математика зертханасының жұмысы туралы мәлімет берілді. Зертханада NeuroLearn (ЖИ, нейроғылым мен бейімдеп оқыту салаларындағы зерттеулер) және ParkScreen (Паркинсон ауруын алдын ала анықтайтын ЖИ скрининг әдістері) секілді бастамалар қолға алынған. Іс-шара барысында Гент университетінің атынан Қазақстанның талантты оқушылары мен студенттеріне телескоп табысталды. Телескопта Нобель сыйлығының физика саласы бойынша лауреаттары Франсуа Энглердің, Герард ’т Хоофттың және Мишель Ма­йордың, сондай-ақ бельгиялық астронавт Франк Де Винненің қолтаңбасы бар.

ЖОО серіктестігі кеңейеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Король Филипп және Патшайым Матильда Ректорлар форумына қатысты. Alem.ai халықаралық орталығында Қазақстан мен Бельгия жоғары оқу орындары жетекшілері бас қосқан іс-шара өтті. «Білім беру мен ғылыми зерттеулерге жасанды интеллектінің әсері» тақырыбын арқау еткен жиын интерактивті пікірталас форматында ұйымдастырылды. Пікірталасқа қатысушылар жасанды интеллект технологиялары жоғары білім мен заманауи ғылым саласына қандай өзгеріс әкелетінін егжей-тегжейлі талқылады. Атап айтқанда, Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы аймақтық хаб, сондай-ақ білім беру, зерттеулер және инновациялар бағытындағы ынтымақтастыққа арналған стратегиялық алаң ретіндегі рөлі қарастырылды. Академиялық, сондай-ақ білім беру ортасында жасанды интеллект пен оқу машинасын пайдалануға, оқу және оқыту үдерістеріндегі жаңа технологияның ықпалына баса назар аударылды. Форум аясында Қазақстан мен Бельгия жоғары оқу орындары серіктестігін кеңейту, бірлескен білім беру әрі зерттеу бастамаларын іске қосу, академиялық ұтқырлықты дамыту және жоғары мектептегі цифрлық трансформация салаларында тәжірибе алмасу мәселелері пысықталды. Іс-шара қорытындысы бойынша екі ел университеттері арасында бір­қатар келісім мен меморандумға қол қойылды.

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгиялықтар Королі Филипп пен Патшайым Матильданы елорда әуежайынан шығарып салды. Корольдік отбасының мемлекеттік сапары Алматыда жалғасады.