Қала күні қарсаңында «Жасыл елдің» үздік сарбаздары марапатталды

Қала күні қарсаңында «Жасыл елдің» үздік сарбаздары марапатталды
фото: Астана қаласының әкімдігі

Елорда күні қарсаңында Астанада «Жасыл ел» еңбек жасақтарының үздік сарбаздары марапатталды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Салтанатты марапаттау рәсімі елорданың «Көктал» саябағында өтті.

Қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен Сарыарқа ауданының әкімдігі биылғы жазғы маусымда ерекше белсенділік танытқан «Жасыл ел» еңбек жасақтарының 20 үздік сарбазын марапаттады.

Іс-шараның басты мақсаты – елорданы абаттандыруға, көгалдандыруға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға күн сайын үлес қосып жүрген жастардың еңбегін жоғары бағалау. Ұйымдастырушылар табысталған әрбір дипломның артында туған қаланы таза әрі көрікті етуге деген шынайы ниет тұрғанын ерекше атап өтті.

«Бұл жастардың еңбегі – өскелең ұрпаққа үлгі. Олар жай ғана еңбек етіп жүрген жоқ, елорданың жаңа келбетін қалыптастырып, туған қалаға деген құрмет нақты істерден басталатынын көрсетіп келеді», – деп атап өтті салтанатты рәсімде.

«Жасыл ел» бағдарламасы көп жылдан бері өзінің әлеуметтік маңызын дәлелдеп келеді. Жыл сайын жоба аясында Астанада 5 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылады. Олардың көпшілігі үшін бұл алғашқы табысын табуға ғана емес, өмірлік тәжірибе жинақтауға, еңбек дағдыларын қалыптастыруға, көшбасшылық қасиеттерін дамытуға және жаңа достар табуға мүмкіндік береді.

Марапатталған жастардың айтуынша, қала басшылығының мұндай қолдауы оларды бұдан да ынталы еңбек етуге жігерлендіреді. Еліміздің бас қаласының тазалығы мен көркеюі еңбекқор жастардың сенімді қолында.