Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында қазақ кәсіби музыкасының негізін қалаған Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің туғанына 120 жыл толуына арналған «Тұңғыш саундтрек» концерті өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бибігүл Жанұзақ, Азамат Жылтыркөзов, Салтанат Ахметова, сондай-ақ опера әншілері Айзада Капонова, Нұрсезім Саматқызы, Саят Сақитжан, Лаура Ғалым және Бекұлан Ерболатұлы өнер көрсетті. Оркестрге ұжымның көркемдік жетекшісі Мирас Нұржанов дирижерлік етті.
Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі «Қазақ вальсі», «Бұлбұл», «Ләйлім», «Елік-ай» шығармаларын, «Абай» операсынан үзінділерді, сондай-ақ қазақтың тұңғыш көркем фильмі «Амангелдіге» жазылған музыканы орындады.
«Тұңғыш саундтрек» концерті қазақ музыкасы тарихының маңызды кезеңдерін жаңаша танытып, ұлттық мәдени мұраны сақтау мен дәріптеудің маңызын көрсетті. Көрермендер қазақ музыкасының жауһарларын симфониялық оркестрдің орындауында тыңдап, көрнекті композиторлардың шығармашылық мұрасымен қайта қауышты.