Түсірсең, осылай түсір...

Түсірсең, осылай түсір...

(Театр және тазалық)

Кез-келген жұмысты жан-тәніңмен беріліп істемесең, түк те шықпайды. Көңілсіз атқарған істің бірден берекесі кетеді. Ілгерідегі дәуірдің спортшылары арасында «Жарыста жаныңды аяма!» дейтін қайрау сөз бар еді. Өз кәсібіңді де ынта-ықыласпен атқарсаң ғана нәтиже бере бастайды.

Мына кісіге қараңызшы. Айналасындағы дүниенің бәрін ұмытқан. Өзі де өзге әлемде тұр. Ойға алған дүниесіне басымен кірген, көңіліндегісін көзімен іздеген, қарауылға іліктіргенін жүрегімен көздеген...

Объективі сала құлаш камера құшақтаған ағайындардың талайымен аралас-құралас болып жүрсек те, бұл фототілшіні онша біліңкіремейді екенбіз. Шынымызды айтсақ, әдепкіде әлдебір әріптесінің кәсіби камерасын сұрап алып, «Тар кезеңнің» тереңі мен тылсымына үңіліп жатқан Қажығали ағам екен деп қалдым. Сөйтсек, М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында біраз уақыт қызмет істеген Қалиғұмар Қабдешов­тің жастау күніндегі кейпі екен.

Дәлірек айтқанда, бұл мекемедегі қызметі – фототілші емес, фотограф. Театрда жүріп жататын спектакльдердің әсерлі көріністерін түсіріп, үнемі тарихқа қаттап отыр­ған. «Ана – жер – ана» да, «Ваня ағай» да, «Қан мен тер» де, «Тоят түні» де Қалекеңнің қолынан өткен секілді. Оған қоса, өнердің қара шаңырағындағы әйгілі әртістердің шығармашылық портреттерін түзген. Қысқасы, әкемтеатрдың фотошежіресін жалғыз өзі жасап шыққан. Бұқаралық ақпарат құралдарында көп жыл жұмыс істеген өзге әріптестеріндей ел-жұртқа аса танымал емес тәрізді. Бәлкім, суреттерін газет-журналға көптеп жариялауға аса құлықты бола қоймаған шығар. Бірақ оның тәуір әрі сапалы фотоархив жинақтағанына дауымыз жоқ. Себебі, түр-түсі, кес­кін-келбеті, бет-ауызы өзгеше кейіпке еніп, анандай эмоциямен беріле бүгіліп тұрып көздеген адамның түсірген суреті осал болуы мүмкін емес.

Суретті желіге жүктегеніміз сол еді, комментарийлер легі лықсыды да кетті. «Дәлдік! Фотоаппаратымен қоса, өзі одан да дәл фотоаппаратқа айналып кеткен сияқты», – дейді Оңайгүл Тұржан. «Құдды бір спектакльдің кейіпкеріндей бар ынта-ықыласымен беріле түсірген екен. Ана бұрыштағы шәйнекте де арман жоқ, мындай объективке іліккен!», – дейді Зәуреш Басықа­рае­ва. «Әбден шабыттанып, жаны рахат тауып тұр!», – дейді Өтеш Оңайбаев. Бірінен бірі өтетін ой-пікірлер туындап жатты.

 Қалекең қазір Алматыда тұрады. Жасы сексеннің шамасында дейді. Қали Сәрсенбай ағам жиі қолданатын, кейін «Алматы ақшамы» газетінің тұрақты айдарына айналған «Тазарғың келсе, театрға бар» деген қанатты сөз қалыптасқан еді. Сонда айтылғандай, күнде театрдан шықпайтын, өңкей спектакльдерді суретке түсіретін әрі әдемі әсерге бөленетін мына фотографтың білегі де, жүрегі де тап-таза шығар...

Бауыржан ОМАРҰЛЫ