ҚР ПІБ Президенттік орталығында «Тәуелсіздіктің мәдени коды» жобасы аясында қазақстандық фототілші, өлкетанушы және елорда шежірешісі Нұрмұхамат Имамовтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Н. Имамов: 100 жыл. 100 сәт» ретроспективалық фотокөрмесінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жоба Президенттік орталықтың ұйымдастыруымен Қалалық туризмді дамыту орталығы қауымдастығының, Астана гидтері клубының және Қазақстан темір жолы музейінің қолдауымен жүзеге асырылды. Көрме фотошебердің шығармашылық мұрасында көрініс тапқан елорданың тарихи-мәдени көрнекі мұрасын сақтауға бағытталған.
Көрменің ашылу рәсіміне мемлекеттік органдардың, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның, музей және архив саласының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері, өлкетанушылар, сондай-ақ Нұрмұхамат Имамовтың туған-туыстары мен жақындарын қоса алғанда, 100-ге жуық қонақ қатысты.
Іс-шараның құрметті қонақтары қатарында саясат және қоғам қайраткері, өлкетанушы Дмитрий Глухих, Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Алин және фотошебердің ұлы Ринат Имамов болды. Іс-шараға қатысушыларды ҚР ПІБ Президенттік орталығы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова құттықтау сөзімен қарсы алды.
«Көрменің «100 сәт» атауының өзі-ақ оның мазмұнын айқын аңғартады. Фотографтың ұқыптылықпен жинақтаған осы жүз сәті ХХ ғасырдың кең тынысты келбетін көз алдымызға әкеледі. Мұндағы әрбір фотосурет – көркемдік және тарихи құндылығы зор деректі мұра. Президенттік орталық үшін бұл көрменің тұсауын кесу – үлкен мәртебе. Бұл арқылы біз Қазақстанның мәдени және тарихи мұрасын сақтауға, сондай-ақ Тәуелсіздік тарихының шежіресін жасаған тұлғалардың есімдерін кеңінен насихаттауға өз үлесімізді қосып отырмыз. Көрме авторының объективі бізді өткен дәуірдің атмосферасына жетелеп, қаланың келбетін қалыптастырған адамдар мен тарихи оқиғаларды қайта танытады. Сонымен қатар елорданың қарқынды даму жолын айқын көрсетіп, оның әлемдегі ең көрікті әрі серпінді дамып келе жатқан астаналардың біріне айналу үдерісін зерделеуге мүмкіндік береді. Бүгінде Астана – халықаралық дипломатияның, мәдениеттің және өркениеттер арасындағы үнқатысудың жаһандық орталығына айналған қала», – деді ол.
Экспозицияға Целиноград, Ақмола және қазіргі Астана қалаларының тарихын, сәулетін және даму жолын бейнелейтін 100 бірегей архивтік фотосурет қойылған. Нұрмұхамат Имамовтың туындылары қаланың бірнеше онжылдықтағы эволюциясын, сәулеттік келбетінің, қоғамдық өмірі мен күнделікті тыныс-тіршілігінің өзгерісін айқын көрсетеді.
Көрменің тұжырымдамасы өткен мен бүгінді тоғыстырған көрнекі сұхбат қағидатына негізделген. Мұрағаттық фотосуреттер қазіргі елорданың келбетімен үндесіп, ұрпақтар сабақтастығы мен тәуелсіз Қазақстанның тарихи даму жолын айшықтайды. > presidentcenterkz: Экспозиция төрт тақырыптық бөлімнен тұрады. Олар Нұрмұхамат Имамовтың өмірі мен шығармашылығына, ескі Целиноград–Ақмоланың тарихына, елорданың дамуына үлес қосқан тұлғаларға және қазіргі Астананың келбетіне арналған. Соңғы бөлімде балалар мен жастар бейнесі арқылы Қазақстанның болашаққа ұмтылысы, жасампаздық рухы мен ұрпақтар сабақтастығы көрініс тапқан.
«Ең алдымен, көрмені ұйымдастырушыларға көрнекті фототілші, өлкетанушы әрі елорда шежірешісі Нұрмұхамат Имамовтың есімін ұлықтауға бағытталған игі бастамалары үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл көрмеде ұсынылған фотосуреттер – жай ғана архивтік кадрлар емес, оларда адамдардың тағдыры, тарихи маңызды оқиғалар мен өз дәуірінің ерекше тынысы көрініс тапқан баға жетпес тарихи куәліктер. Елорда тұрғындарының туған қаласының тарихын біліп, оны құрметтеуі аса маңызды, өйткені бүгінгі Астананың келбеті бірнеше буынның қажырлы еңбегімен қалыптасты. Бүгінде осы игі дәстүрді жалғастыра отырып, елордалық кәсіпкерлер де қаламыздың дамуына өз үлестерін қосып келеді. «100 сәт» мерейтойлық көрмесі еліміздің мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға айналып, бірегей тарихи мұраны келер ұрпаққа жеткізуге қызмет етеді деп сенемін», – деді Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Алин.
«Нұрмұхамат Имамов – бұл өлкенің перзенті болып туған адам емес, бірақ ол туған жеріндей сүйіп, бар ғұмырын оның тарихын сақтауға арнаған бірегей тұлға еді. Ол ешқашан өзін алға шығарған жоқ, даңқ іздеген жоқ. Қолына фотоаппаратын алып, көшелерді, адамдарды, өз дәуірінің маңызды сәттерін үнсіз таспаға түсірді. Бүгінде сол суреттер арқылы біз өткенімізді танып, қаламыздың қалай қалыптасқанын көріп отырмыз. Тарихты бөлшектеуге болмайды – ол біртұтас. Сондықтан Нұрмұхамат Имамов секілді тұлғалардың мұрасын сақтау – өткенге тағзым ғана емес, келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз. Осындай тағылымды көрмені ұйымдастырған Президенттік орталыққа және Имамовтар отбасына шынайы алғысымды білдіремін», – деді саясат және қоғам қайраткері, өлкетанушы Дмитрий Глухих.
Нұрмұхамат Имамов – Ұлы Отан соғысының ардагері, Пе-2 сүңгуір бомбалаушы ұшағында атқыш-радист қызметін атқарған. Соғыстан кейін театр суретшісі және радиомеханик болып еңбек етіп, кейін фотосурет өнеріне ден қойып, туған өлкенің маңызды тарихи кезеңдерін өз туындыларында сақтауды өмірлік мақсатына айналдырды. Қырық жылдан астам уақыт «Акмолинская правда» және басқа да басылымдарда фототілші болып қызмет атқарып, елорданың қалыптасу тарихының бірегей фотошежіресін жасады.
Бүгінде фотошебердің көп мыңдық архивін сақтау және цифрландыру жұмыстарын оның ұлы Ринат Имамов жалғастыруда. Архив материалдарының бір бөлігі www.imamov.kz. ресми сайтында қолжетімді.
Көрмеге қойылған 100 фотосурет – жай ғана деректі шежіре емес, елорданың тарихын оған бүкіл ғұмырын арнаған шебердің көзімен танытатын баға жетпес мәдени мұра. Экспозиция тарихшылар, өлкетанушылар, зерттеушілер және Астана мен Қазақстан тарихына қызығушылық танытатын көпшілік үшін ерекше құндылыққа ие.
Көрме 2026 жылғы 24 тамызға дейін жалғасады.