Полтора қазақ

Полтора қазақ
фото: Шүкір Шахай

(Аңыз-адам)

Сейдеш. Сейдахмет. Сейітмұхамет. Бұрынғы Мұхаметшин. Кейінгі Мұхаметше. Отыз жылға жуық «Егемен Қазақстан» газетінің Талдықорған облысындағы меншікті тілшісі болды. Қызметін алпысыншы жылдардың аяғында «Социалистік Қазақстаннан» бастады. Табан аудармай жұмыс істеп, тоқсаныншы жылдардың аяғына таман «Егемен Қазақстаннан» демалысқа шықты.

Ақпарат айдынын­да түрлі-түрлі журналистер бар. Олар тек шығармашылық шеберлігімен, жазу стилімен ғана емес, болмыс-бітімімен де, кескін-кейпімен де ерекшеленеді. Әрқайсысы әралуан мінездің адамдары. Бірі – төменгі кластың тәртіпті оқушысы сияқты тым ұқыпты. Екіншісі – қатты қысқан жұдырықтай шымыр да ширақ. Үшіншісі – жағасы жайлауда жүретін кеңпейіл әрі кеңқолтық. Төртіншісі – сәл нәрсеге тырыса қалатын қырт және қытымыр. Бесіншісі – түйені шөгермей мінетін қырсық һәм көткеншек.

Қазақ журналистикасы сарбаздарының сыртқы сипаты да сан қилы. Бірі – тұлғасы да, сымбаты да көз тартатындай сұңғақ. Екіншісі – бой жағынан бағы жана қоймаған бәкене. Үшіншісі – жауырыны қақпақтай, ұзындығы мен көлденеңі бірдей жалпақ. Төртіншісі – өзі сырықтай, қолы құрықтай, құлағынан күн көрінетіндей арық. Бірақ осы ақпарат армиясының сапындағы бір-біріне мүлдем ұқсамайтын жанкешті жалаңтөстердің басы құралып, күн-түн демей атойлап жорықта жүреді.

Солардың ішінде жетісулық әріптесіміз Сейдахмет Мұхаметшиннің жөні бөлекті. Бойының өлшемі қанша болғаны жөнінде мәліметіміз жоқ. Бірақ алпамсадай болып алыстан көрінетін. Алматының көшесінде төбесі көк тіреп, өзгенің екі-үш қадамын бір-ақ аттап, алшаң басып келе жатады. Бұрын кездес­тіре қоймаған адамға ол қиял-ғажайып ертегісінен сытылып шыға келіп, Алатаудың етегіне қарай аяңдап кеткен кейіпкер секілді әсер қалдырады. Шынында да оны ел-жұрттың «полтора қазақ» дейтініндей бар.

Қазақ халқы, жалпы, алыптарын қадірлеген. Аңызға айналған Сейдеш аға да сол құрметті молынан көрген. Кең кабинеті, келісті көлігі болған. Кез-келген басшыға сөзі жүрген. Облыс әкімдері оны құдайдай сыйлаған. Тіпті ел басшысының өзі сол өңірге сапарға барғанда «О, полтора қазақ!» деп жылыұшырай амандасқан деседі. Ал бірде тілі түрпідей Тәжібай Битай ағамыз: «Осы бар ғой, Сейдахметтің бетіне қарасам, мойным ауырып, басым айналады», – деп шымшып алыпты.

Мына суретте Сәкең орта бойлы ақсақалдың қасында тұр. Шүкір Шахай биіктік пен бәкенеліктің, ұзындық пен қысқалықтың ара қатынасынан контраст іздеген болуы керек. Өйткені қайшылық философиясы – оның сүйікті тақырыбы. Сейдеш аға осы тұрысына ыңғайсызданды ма екен, жанындағы қарияға қарай ұмсынып, мойнын төмен салып, сәл құныса түскен.

Осыған орай суретті ал­ғаш рет ұсынғанымызда «Ел қойған атым – «бір жарым қазақ», Еңкейіп міне, тұрғаным ғажап...» деп тақырып қойғанбыз...

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

(Суретті түсірген – Шүкір ШАХАЙ)