«Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті» дейді қазақ. Біз әңгіме қылғалы отырған Төлепберген Күмістің де өмірлік ұстанымы осы бір мақалмен сабақтасып жатыр. 48 жастағы Күміс он жылдан астам уақыттан бері Астанадағы Байқоңыр аудандық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында тазалықшы болып еңбек етіп келеді. Ол үшін қандай да бір жұмыстың атағы мен мәртебесінен бұрын, оның адал атқарылуы маңызды.
Күн сайын таңертең жұмыс орнына келіп, өзіне жүктелген міндетті тиянақты атқаратын кейіпкеріміз бұл кәсіпті ешқашан төмен санаған емес. Керісінше, маңдай терімен тапқан нәпақасын отбасының қажетіне жаратып, бала-шағасын асырап отырғанын мақтан тұтады. Оның түсінігінде адал еңбек – адамның абыройын арттыратын құндылық.

«Мен өз жұмысымды ешқашан төмен көрген емеспін. Қандай еңбек болса да, оның өзіне тән жауапкершілігі бар. Ең бастысы – маңдай теріңмен нан тауып, отбасыңды асырау. Мен осы жұмыс арқылы нәпақамды тауып отырмын. Сондықтан өз кәсібіме құрметпен қараймын», – дейді Төлепберген Күміс.
Кейіпкердің еңбек жолы бұл қызметпен басталған жоқ. Бұған дейін ол шаштараз болып жұмыс істеген. Адамдармен етене араласып, қызмет көрсетудің қыр-сырын меңгерген. Кейін түрлі жағдайларға байланысты кәсібін өзгертіп, тазалық саласына ауысқан. Осылайша жаңа жұмысын да жатсынбай қабылдап, он жылдан астам уақыт бойы бір орында абыроймен еңбек етіп келеді.
Оның айтуынша, өмірде адамның жағдайы мен мүмкіндігі әртүрлі болады. Біреудің басшылық қызмет атқаруы немесе жоғары лауазымға ие болуы мүмкін, енді біреуге басқа кәсіп бұйырады. Бірақ қандай жұмысты таңдаса да, адам еңбектен қашпауы керек.
«Жалпы өмірде әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Адамның бәріне бастық болу немесе оқымысты, лауазымды қызметте жұмыс істеу жазбаған ғой. Әркім өзіне бұйырған нәсібін табады. Менің тағдырым осы кәсіппен тұспа-тұс келді. Ең бастысы – қандай жұмыс істесең де, оны адал атқару», – дейді ол.
Отбасының берекесін де еңбекпен байланыстыратын Күміс бүгінде екі қызының тәрбиесіне көңіл бөліп отыр. Жолдасы «Жылстрой» саласында еңбек етеді. Үлкен қызы студент болса, кіші қызы төртінші сыныпта оқиды. Балаларына да еңбекқорлықты, жауапкершілікті және қандай іске де адал қарауды үлгі етуге тырысады.
Өйткені кейіпкердің пайымынша, баланың болашағына тек ақыл айтумен емес, ата-ананың күнделікті ісімен де ықпал етуге болады. Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, еңбектің қадірін білу – оның отбасындағы басты қағидалардың бірі.
Төлепберген Күмістің жастарға айтары да осыған саяды. Оның пікірінше, қазіргі таңда кез келген адам өзіне қолайлы әрі жеңіл жұмысты іздеуі мүмкін. Алайда тек жеңіл еңбекті қалап, бұйырып тұрған жұмыстан қашу – еңбек адамына тән қасиет емес.
«Жастарға айтарым – жеңіл жұмыс іздеп, өзіне бұйырып тұрған еңбектен қашпау керек. Қандай жұмыс болса да, оның өз ауыртпалығы бар. Еңбек етпей мақсатқа жету қиын. Сондықтан адам өзіне берілген мүмкіндікті бағалап, қандай істі қолға алса да, соңына дейін жеткізуге тырысқаны жөн. Сонда ғана алдына қойған мақсаттары біртіндеп орындалады», – дейді кейіпкер.
Он жылдан астам уақыт бойы тазалықшы болып еңбек етіп келе жатқан Күміс өз жұмысын күнделікті атқарылатын қарапайым міндет деп қана қабылдамайды. Оның түсінігінде тазалық – кез келген ортаның жайлылығы мен тәртібінің негізі. Ал сол тазалықты қамтамасыз ететін адамдардың еңбегі көп жағдайда көзге көріне бермегенімен, қоғам үшін қажет.
Осылайша Төлепберген Күмістің өмір жолы үлкен қызмет атқармаса да, үлкен еңбек етуге болатынын көрсетеді. Адал жұмыс, маңдай тер және отбасы үшін жауапкершілік – оның өмірлік ұстанымына айналған.
Еңбек адамының қадірі де осында. Өйткені қоғамның қалыпты тіршілігі көп жағдайда күн сайын өз жұмысын үнсіз әрі жауапкершілікпен атқарып жүрген осындай қарапайым жандардың еңбегіне сүйенеді. Ал олардың маңдай термен тапқан наны – шын мәнінде, ең тәтті нан.
Шапағат ӘБДІР