12-13 қыркүйек күндері Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында республикалық Creative Aimaq жобасы аясында Қызылорда облысының креативті индустриялар жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Екі күнде жәрмеңкеге 4,9 мыңға жуық адам барды. Жалпы өңір креаторлары 12,1 млн теңгенің өнімін сатты.

Креативті жәрмеңкеде ұлттық музыкалық аспаптар, кілемдер мен картиналарға сұраныс жоғары болды. Сондай-ақ зергерлік бұйымдар, ұлттық киімдер, ағаш пен сүйектен жасалған заттар және басқа да авторлық өнімдер сатылды.

Жәрмеңкеде креативті индустрияның 21 бағыты бойынша өнімдер мен жобалар таныстырылды. Qyzylorda Hub-тың цифрлық әзірлемелері мен өңірдегі заманауи медиа жобалар да көпшілікке ұсынылды.
Жәрмеңке аясында «Анаға тағзым» креативті индустриялар орталығында әзірленген Syr Style Collection сән топтамасының таныстырылымы өткізілді. Аталмыш топтамада ұлттық нақыш пен заманауи дизайн үйлесім тапқан.

Бағдарлама аясында ұлттық қолөнер бойынша шеберлік сабақтары өтіп, концерттік бағдарламалар мен сән көрсетілімі ұйымдастырылды.