Полиция қоғамдық орындарда кальян пайдалануға тыйым салынғанын еске салды

Полиция қоғамдық орындарда кальян пайдалануға тыйым салынғанын еске салды
фото: polisia.kz

Астанада полиция қызметкерлері заңнамада тыйым салынған орындарда кальян мен темекі өнімдерін тұтыну фактілерінің алдын алу және анықтау бағытындағы жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жыл басынан бері құқық қорғау органдары қоғамдық тамақтану орындарында кальян шегу мен темекі өнімдерін пайдалануға байланысты 5 800-ден астам құқық бұзушылықты анықтады.

Кезекті профилактикалық рейд барысында елордадағы қоғамдық тамақтану орындарының бірінде келушінің ғимарат ішінде кальян шеккені белгілі болды. Аталған азаматқа қатысты заң аясында шара қабылданды.

Полиция Қазақстан аумағындағы мейрамханаларда, барларда, клубтарда және өзге де қоғамдық орындарда кальян пайдалануға заңмен тыйым салынғанын еске салады. Сақшылар азаматтарды қолданыстағы заңнама талаптарын сақтауға, ал мекеме иелерін белгіленген талаптардың орындалуын қамтамасыз етуге шақырады. Осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу және анықтау мақсатындағы профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады.