Жолдауда көтерілген мәселелер ішінде цифрландыру, шағын бизнесті қолдау және азаматтардың өз әлеуетін іске асыру мүмкіндіктерін ерекше атап өтер едім. Креативті индустрия үшін бұл бағыттар өзара тығыз байланысты. Өйткені әрбір адам үшін өз өнімін жасау, тұтынушыларын табу және дарыны арқылы табыс табу маңызды.
Президент кәсіпкерлікті қолдау шараларын цифрлық платформалардың мүмкіндіктерімен ұштастыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ Құрылтай мен Үкіметке шағын және микробизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мәселесін қарастыруды ұсынды. Бұл, әсіресе, шағын шығармашылық ұжымдар үшін маңызды. Олардың жұмыс істеуі мен дамуына түсінікті әрі қолайлы жағдайлар қажет.
Смартфонды табыс табу құралы ретінде пайдалану туралы ой маған жақын. Адамдарды технологияларды тапсырыс іздеу, өнім сату және қашықтан жұмыс істеу үшін тиімді пайдалануға үйрету маңызды. Әрбір адам өз қабілетін іске асырып, табыс таба алса, бұл ел экономикасының дамуына да оң ықпал етеді.
Отансүйгіштік және өз еліңде жүзеге асуға мүмкіндік алу мәселелері ерекше маңызды. Ана ретінде қызымның болашағын Қазақстанмен байланыстырғанын, осы елде өмір сүріп, еңбек етіп, дамуға ұмтылғанын қалаймын. Өз армандарын жүзеге асыру үшін шетелден мүмкіндік іздеуге мәжбүр болмаса деймін. Сондықтан мемлекеттік басқару сапасы мен өмір сүруге қажетті нақты жағдайлар – жолдардың сапасынан бастап интернеттің қолжетімділігіне дейінгі мәселелер мен үшін маңызды. Сапалы жолдар ауылдарды қалалармен байланыстырып, кәсіпкерлерге тауарларын жеткізуге және жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік береді. Ал интернет тұрғылықты жеріне қарамастан, әр адамға білімге, тапсырыс берушілерге және жұмысқа қол жеткізуге жол ашады.
Өзгерістердің адамдардың күнделікті өмірінде нақты сезілгенін қалаймын. Әрбір азамат өз елінде өмір сүрудің қолайлы екенін, өзі мен балалары үшін мол мүмкіндіктер бар екенін сеніммен айта алуы керек.
Аяжан Өтеуова,
Астана қаласы Азаматтық альянсының төрағасы