Еліміз дамудың жаңа тарихи кезеңіне қадам басуда. Жаңа Конституцияның қабылдануы, Құрылтайдың алғашқы шақырылымының жұмысын бастауы және мемлекеттік институттарды ауқымды жаңғырту – ел тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы. Осындай жағдайда ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы жариялануы айрықша маңызға ие.
Бұл – мемлекеттің стратегиялық басымдықтарын айқындаумен қатар, қоғамның одан әрі дамуына, азаматтық жауапкершілікті нығайтуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағыт беретін маңызды құжат. Еліміз үшін бұл – алдағы даму басымдықтарын айқындаудың маңызды кезеңі. Ал азаматтық қоғам үшін мемлекеттік реформалардың басты назарында адамның, оның жасына қарамастан, құқықтары, қадір-қасиеті, қауіпсіздігі мен әл-ауқаты тұруы қажеттігін тағы бір мәрте атап өтуге мүмкіндік.
Қарт адамдардың құқықтарын қорғау мақсатында «Ардагер» қоғамдық бірлестігі аға буын өкілдерінің жағдайына және олардың құқықтарын жүйелі түрде қорғау қажеттілігіне ерекше назар аударады. Қарттардың құқықтары мен қадір-қасиетін құрметтеу – қоғамның кемелдігін көрсететін маңызды өлшем. Өз тарапымыздан ұсыныстарымызды айта кетсек, қарттардың құқықтарын қорғау жөніндегі кешенді мемлекеттік бағдарлама әзірлеу керек. Бағдарламада нақты нәтижелер мен қоғамдық бақылау тетіктері көзделуі қажет. Сонымен қатар қарт адамдарды кемсітушіліктен, алаяқтықтан, мүліктік құқықтарын теріс пайдаланудан және әлеуметтік оқшауланудан қорғаудың құқықтық кепілдіктерін күшейтуге назар аудартамыз. Олардың құқықтары туралы БҰҰ конвенциясын әзірлеуге бағытталған халықаралық бастаманы қолдау туралы ұсынысымыз бар. Осы жұмысқа қазақстандық қоғамдық ұйымдардың қатысуын қамтамасыз ету керек. Жасы келген адамдардың құқықтары мен қадір-қасиетін қорғау – мемлекеттің де, қоғамның да ортақ міндеті. Аға буын өкілдерінің қауіпсіз, лайықты өмір сүруіне жағдай жасау және олардың құқықтарын қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болуы тиіс.
Баян Ахметжанова,
«Ардагер» ҚБ президенті