Өткен аптамен салыстырғанда тұмау 1,2 есе өсті

Өткен аптамен салыстырғанда тұмау 1,2 есе өсті
фото: Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті

2026 жылдың 46-аптасында (12–18 қараша аралығында) жіті респираторлық вирустық инфекцияның (ЖРВИ) 21 158 жағдайы тіркелді. Сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 1290,7-ні құрады. Сырқаттанған адамдардың басым бөлігі – 14 жасқа дейінгі балалар. Осы жас тобында 12 694 жағдай тіркелді, бұл барлық жағдайдың 60%-ын құрайды. Өткен 45-аптамен салыстырғанда сырқаттанушылық көрсеткіші 1,2 есе өсті. 45-аптада 17 691 жағдай тіркеліп, көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 1079,2-ні құраған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Астана қаласының бас санитарлық дәрігер Айгүл Шағалтаеваның айтуынша, есепті кезеңде қаланың 159 мектебінде ЖРВИ жағдайлары тіркелді. Барлығы 2016 оқушы сырқаттанды, бұл мектеп оқушыларының жалпы санының 0,56%-ын құрайды. Мектепке дейінгі ұйымдарға баратын 3997 бала ЖРВИ салдарынан балабақшаға бармады. Бұл мектепке дейінгі ұйымдарға баратын балалардың жалпы санының 11%-ын құрайды.

-Мектептер мен балабақшаларда сырқаттанғандардың үлесі 20%-дық шекті деңгейден аспады. Осыған байланысты кабинеттік оқыту жүйесін тоқтатуға және оқу процесін уақытша тоқтата тұруға негіз жоқ. Қазіргі уақытта қалада тұмауға қарсы вакцинация жалғасуда. Вакцинация Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 22 тамыздағы № 11-ПГСВ «2026–2027 жылдардағы эпидемиялық маусымда тұмау, жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) және коронавирустық инфекция (COVID-19) бойынша санитариялық-профилактикалық және санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу туралы» қаулысына сәйкес жүргізілуде,- дейді Айгүл Шағалтаева. 

2026–2027 жылдардағы эпидемиялық маусымда маусымдық тұмауға қарсы иммундау үшін қаланың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жергілікті бюджет қаражаты есебінен Ресейде өндірілген «ГРИППОЛ +» вакцинасының 169 005 дозасын сатып алды. Сонымен қатар тұрғындар жекеменшік медициналық орталықтарда ақылы негізде екпе ала алады. Барлығы 140 106 адамға екпе салынды. Вакцинациялауға жататын азаматтарды қамту көрсеткіші 84,7%-ды құрады.