«Болашақ» бағдарламасының түлегі, Ирландиядағы Тринити Колледжі Дублин университетінде PhD дәрежесін алған физик-ғалым Қайша Айтқазы ғылымды насихаттау, жас ұрпақтың білімге қызығушылығын арттыру және Қазақстанда ғылыми-ағартушылық телеарналарды дамыту қажеттігі туралы ой бөлісті.
– Алдымен өзіңізді таныстыра кетсеңіз. Қазақстанда қандай білім алдыңыз? «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде қай бағытта оқыдыңыз және қазіргі уақытта қандай қызмет атқарасыз?
– Мен 2010 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың физика факультетін «Техникалық физика» мамандығы бойынша бітірдім. 2013 жылдың қыркүйегінен 2015 жылдың маусымына дейін осы университеттің физика-техникалық факультетінде «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығы бойынша білім алып, техника ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін алдым. 2018 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың сәуіріне дейін «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ирландиядағы Тринити Колледжі Дублинде (Trinity College Dublin) материалтану мамандығы бойынша PhD дәрежесін алдым. Нақтырақ айтқанда, мөлдір наноөлшемді оксидті жартылай өткізгіштерді зерттедім. Қазіргі таңда Назарбаев Университетінің National Laboratory Astana мекемесінде аға ғылыми қызметкер және жоба жетекшісі болып жұмыс істеймін.

– Шетелде білім алып, түрлі ғылыми ортада тәжірибе жинақтапсыз. Қазақтың жас ғалымдарының әлеуетін қалай бағалайсыз? Олардың дамуына қандай жағдайлар қажет деп ойлайсыз?
– Қазақтың жас ғалымдарының әлеуеті жақсы. Дегенмен, оларды шетелдік ғалымдармен тікелей салыстыру қиын. Неге? Біріншіден, білім мен ғылымға қажетті ресурстардың қолжетімділігі әртүрлі. Елімізде ғалымдарды қажетті ресурстармен қамтамасыз ету бағытында көптеген жұмыс жүргізіліп жатыр. Болашақта бұл алшақтық та жойылады деген ойдамын. Екіншіден, ғылыми-зерттеу зертханаларының саны мен сапасын ескерген жөн. Ғылыми-зерттеу зертханаларын жаңарту мақсатында былтырдан бастап Ғылым және жоғары білім министрлігі нақты қадамдар жасай бастады. Үшіншіден, ғалымдардың әлеуетіне әсер ететін адами факторларды да ескеру қажет. Мысалы, еңбекқорлық пен жауапкершілік маңызды рөл атқарады. Мен Ирландияда оқып жүргенде байқағаным, әр студент өзінің білімі үшін жауапты екенін түсінеді. Дайын жұмысты көшіре салу деген түсінік жоқ. Бір нәрсені сұрасаң, «Қай жері қиын болып тұр?» деп түсіндіріп береді. Менің ойымша, мұндай қасиеттер біздің елдің жастарына да тән.
Ең қуантарлық жағдай – қазіргі жастарымыздың талабы да, таланты да жоғары. Шетелде қаншама жастарымыз алпауыт компанияларда жұмыс істеп жүр. Сонымен қатар, жастарымыз физика, информатика және математика пәндері бойынша халықаралық олимпиадаларда топ жарып келеді. Бұл – болашақ жас ғалымдардың ғылым мен білімге деген ұмтылысының жоғары екенін көрсетеді. Қорыта айтқанда, Қазақстанда жас ғалымдардың саны артып, олардың ғылыми әлеуеті де өсіп келеді.
Бұл жерде баса айтатын нәрсе – ғылыми жаңалық екі-үш жыл ішінде ғана жүзеге асатын дүние емес. Ғылыммен айналысу – үздіксіз әрі ұзақ мерзімді процесс. Адам ғылым жолын жалғастыра отырып, жылдар бойы білімін жетілдіріп, тәжірибе жинақтайды. Ал маңызды идеялар мен ғылыми жаңалықтар осы жинақталған білім мен тәжірибенің нәтижесінде біртіндеп қалыптасады.
Әртүрлі ғылыми ортада жұмыс істеу, түрлі зерттеу бағыттарымен танысу және тәжірибе жинақтау адамға өз елінің ғылымында қандай мәселелер мен олқылықтар бар екенін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Әр ортада жинақталған тәжірибе жаңа қырынан ойлауға, мәселелерді басқа көзқараспен қарастыруға және жаңа идеялар іздеуге жетелейді. Сондықтан ғылымдағы маңызды нәтижеге бірден қол жеткізу міндетті емес. Кейбір идеялар бірнеше жыл бойы қалыптасып, уақыт өте келе нақты ғылыми жобаға немесе жаңалыққа айналуы мүмкін. Ең бастысы – ғылыммен үздіксіз айналысу, іздену, ойлану және жинақталған білім мен тәжірибені елдің ғылымын дамытуға бағыттау.
– Жас ұрпақтың ғылым мен білімге қызығушылығын арттыру үшін не істеу керек? Қазіргі жастардың смартфон мен әлеуметтік желіге әуестігін ескерсек, теледидардың ағартушылық мүмкіндігін қалай пайдалануға болады?
– Әрбір отбасы бала тәрбиелеп, олардың болашағынан үлкен үміт күтеді. Сондықтан бүгінгі жас ұрпақтың қандай ортада өсіп, қандай ақпаратты тұтынатынына ерекше назар аударуымыз қажет.
Қазіргі жастар көгілдір экраннан, яғни теледидардан гөрі смартфонға әлдеқайда жақын. Бұл – технологиялық дамудың табиғи үрдісі, сондықтан оны толықтай шектеу мүмкін емес. Бірақ осы өзгерістерге бейімделе отырып, қоғам ретінде маңызды бір бағытқа ерекше көңіл бөлуіміз қажет.

Қазіргі таңда жас ұрпақтың қолынан смартфонды алып қою қиын. Ал алып қойған жағдайда, олардың назарын басқаға аударатын, уақытын пайдалы өткізуіне мүмкіндік беретін балама дүниелердің жеткіліксіздігі байқалады. Осындай жағдайда теледидардың ағартушылық қызметіне ерекше мән беру қажет. Теледидар тек жаңалық тарататын немесе ойын-сауық бағдарламаларын көрсететін құрал ғана емес, ол қоғамның дүниетанымын қалыптастыратын, ғылымды, білімді және ұлттық құндылықтарды насихаттайтын қуатты ақпараттық алаң болуы тиіс.
Ойымызды тереңірек түсіндіру үшін Ұлыбританияның British Broadcasting Corporation (BBC) – Британдық хабар тарату корпорациясының қызметіне назар аударайық. 1922 жылы құрылған BBC – әлемдегі ең көне әрі ең беделді қоғамдық хабар таратушы ұйымдардың бірі. Оның басты мақсаты – қоғамды сапалы әрі сенімді ақпаратпен қамтамасыз ету, білім беру және ағарту.
BBC жаңалықтармен ғана шектелмейді. Ол бизнес, технология, ғылым, денсаулық, білім, мәдениет және қоршаған орта сияқты көптеген бағыттарды қамтиды. Әсіресе ғылым, білім, технология және денсаулық салаларындағы бағдарламалары мен материалдары көрерменнің дүниетанымын кеңейтіп, сыни ойлау қабілетін дамытып, ғылыми сауаттылығын арттыруға бағытталған.
Балалық шағым Қытайда өтті. Сол кезде мен China Central Television (CCTV) арналарын жиі көретінмін. Әсіресе CCTV-2 (Қаржы және экономика), CCTV-5 (Спорт), CCTV-7 (Ұлттық қорғаныс және әскери істер), CCTV-10 (Ғылым және білім), CCTV-12 (Қоғам және заң) және CCTV-17 (Ауыл шаруашылығы) арналары маған ерекше қызықты болатын.
Бұл арналар тек ақпарат таратумен шектелмей, халықтың білімін арттыруға, ғылымға қызығушылығын оятуға және кәсіби дүниетанымын қалыптастыруға қызмет етеді. Есімде ерекше қалған бағдарламалардың бірі – осы арналардың бірінде көрсетілген «Адам және табиғат» бағдарламасы. Онда табиғаттың адам өміріндегі маңызы ғылыми тұрғыдан жан-жақты әрі түсінікті түрде түсіндірілетін. Көрермен табиғат құбылыстарының, өсімдіктер мен жануарлар әлемінің ерекшеліктерін ғылыми дәлелдерге сүйене отырып танып, олардың адамзат игілігі үшін маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік алатын. Осындай танымдық бағдарламалардың әсерімен мен биология пәніне ерекше қызығушылық танытып, оны ынтамен оқи бастадым. Кейін ғылымға деген қызығушылығым артып, зерттеушілік көзқарасымның қалыптасуына дәл осындай ғылыми-ағартушылық бағдарламалардың ықпалы зор болды.
Меніңше, BBC мен CCTV-дің басты ерекшелігі – олар рейтинг үшін ғана емес, ұлттың интеллектуалдық әлеуетін арттыру үшін де жұмыс істейді. Осындай мазмұндағы бағдарламалар жас ұрпақтың ғылымға қызығушылығын оятып, зерттеушілік қабілетін дамытады, жаңа технологияларды меңгеруге ынталандырады және олардың әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.
Осындай ғылыми-танымдық бағдарламалардың ішінде маған ерекше әсер қалдырған туындылардың бірі – BBC арнасында әлемге әйгілі физик Стивен Хокингтің (Stephen Hawking) өмірі мен физика ғылымына қосқан зор үлесі туралы көрсетілген деректі бағдарлама болды. Бұл бағдарлама менің ғылымға деген қызығушылығымды одан әрі арттырып, физиканың ғаламды танудағы ерекше рөлін терең түсінуге ықпал етті. Әсіресе, Стивен Хокингтің өмір жолындағы табандылығы, ғылымға деген адалдығы мен қайсарлығы маған үлкен мотивация берді. Дәл осы бағдарлама мені ғылыми зерттеулермен айналысуға жігерлендіріп, физика саласында PhD дәрежесін алуды мақсат етуіме елеулі ықпал етті.
Өкінішке қарай, қазіргі таңда көптеген жастардың бос уақыты әлеуметтік желілер мен қысқа бейнероликтерді көруге жұмсалады. Сондықтан отбасы, мектеп, бұқаралық ақпарат құралдары және қоғам бірігіп, жастарды кітап оқуға, ғылыми-көпшілік бағдарламаларды көруге, сыни ойлауға және сапалы ақпаратты тұтынуға бағыттауы қажет. Өйткені ғылымға деген қызығушылық ең алдымен отбасында қалыптасады, оны мектеп дамытады, ал қоғам мен мемлекет қолдайды.
– Қазақстанда да BBC мен CCTV секілді ғылыми-ағартушылық бағыттағы арналарды дамытуға бола ма?
– Неге біз де «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының аясында білім мен ғылымға бағытталған мамандандырылған арналардың санын көбейтпеске? Мысалы, ұлттық қорғаныс және әскери істер, ғылым мен білім, қоғам және құқық, медицина, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп бағыттары бойынша тұрақты арналар ашуға болады. Болашақта мұндай бастамалар Қазақстанның ғылыми әлеуетін арттырып, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға қызмет етеді деп сенемін. Мұндай мамандандырылған телеарналардың қоғамға берер пайдасы өте зор болар еді. Онан да маңыздысы, ғылыми-танымдық бағдарламалардың қазақ тілінде кеңінен ұсынылуы ана тіліміздің ғылым тілі ретіндегі қолданыс аясын кеңейтуге зор мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жастардың ғылыми ақпаратты ана тілінде еркін меңгеруіне, ғылыми терминологияның дамуына және қазақ тіліндегі сапалы ғылыми контенттің көбеюіне жол ашады. Сонымен қатар, ғылымды қазақ тілінде насихаттау ұлттық ғылымның дамуына және жас ұрпақтың ғылымға қызығушылығын арттыруға елеулі үлес қосады.
Сұхбаттасқан Қымбат САБИТҚЫЗЫ