Зейнеткерлерге алаяқтардан қорғану жолдары түсіндірілді

Зейнеткерлерге алаяқтардан қорғану жолдары түсіндірілді
фото: Астана қаласы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы

Нұра ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Заң мен тәртіп» жобасы аясында алаяқтық және одан қорғану жолдарына арналған ақпараттық-түсіндіру дәрісі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Дәрісті заңгер Гүлайым Мирзабекова жүргізсе, Алуа Амангельдина  іс-шараның модераторы  болды. Дәріске Есіл мен Нұра аудандарының  30-дан астам зейнеткері қатысты. Кездесу барысында қатысушылар алаяқтықтың кең таралған түрлері, күмәнді әрекеттерді анықтау жолдары және телефон қоңыраулары мен интернетті пайдалану кезінде сақтық шаралары туралы ақпарат алды.

Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жеке тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, өздері немесе жақындары тап болған жағдайларды талқылап, алаяқтардың арбауына түспеу жолдары жөнінде пікір алмасты.

"Мұндай кездесулер аға буын өкілдерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға зор ықпалын тигізеді. Алаяқтың алдын алуға бағытталған дәрістерді қараша айында барлық аудандарда өткіздік. Құқықтық дәрістер ықтимал қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтауға және алаяқтық әрекеттерден қорғану дағдыларын қалыптастыруға бағытталды" - деп пікір білдірді Перспективті даму және әлеуметтік жобалар бөлімінің басшысы Қымбат Қалелқызы.