Нұра ауданында Астана күніне орай жаңа қоғамдық кеңістіктер және аулалар ашылды

Нұра ауданында Астана күніне орай жаңа қоғамдық кеңістіктер және аулалар ашылды
фото: Астана қаласы Нұра ауданы әкімінің аппараты

Нұра» ауданында Астана күніне орай жаңа қоғамдық кеңістіктер ашылып, бірқатар аулаларда абаттандыру жұмыстары аяқталды. Енді тұрғындар үшін екі жаңа сквер, төрт абаттандырылған аула және жаңа спорт алаңы қолжетімді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Маңызды нысандардың бірі – инвестор қаражаты есебінен салынған «Алтын Шар-1» тұрғын үй кешенінің жанындағы сквер. Жалпы аумағы шамамен бір гектар болатын кеңістікте жаяу жүргіншілер жолдары бар тыныш демалыс аймағы абаттандырылып, ағаштар, бұталар мен гүлдер отырғызылды, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды.

Сондай-ақ, бұған дейін Балаларды қорғау күніне орай техникалық режимде жұмысын бастаған «4 мезгіл» скверінің салтанатты ашылуы өтті. Жоба BI Group компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылды. Сквердің тұжырымдамасы жыл бойы көркін сақтайтын өсімдіктерді іріктеу қағидатына негізделген. Мұнда 400-ден астам ағаш пен 14 мыңнан аса бұта отырғызылып, жаяу жүргіншілер жолдары, әткеншектер, шахмат үстелдері және өзге де абаттандыру элементтері орнатылды.

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында бірден төрт аулада абаттандыру жұмыстары аяқталды.

Ш.Айтматов көшесіндегі 41, 41А және 41Б тұрғын үйлерінің аулаларында заманауи балалар ойын алаңы, ашық аспан астындағы тренажерлер орнатылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді, орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылды.

Ал Сығанақ көшесіндегі 16 және 16/1 тұрғын үйлерінің аулаларында балалар ойын алаңы, футбол алаңы, воркаут аймағы, тренажерлер, тыныш демалыс орындары салынды. Сонымен қатар аумақ көгалдандырылып, жарықтандыру жүйесі орнатылды.

Бұдан бөлек, «Үркер City» және «Boston Comfort House» тұрғын үй кешендерінің жанында көлемі 15×30 метр болатын жаңа футбол алаңы пайдалануға берілді. Сонымен қатар іргелес аумақ абаттандырылып, тұрғындардың спортпен шұғылдануы мен демалысына арналған тағы бір жайлы қоғамдық кеңістік қалыптастырылды.