Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры 2026 жылдың 29,30 қыркүйек күндері сағат 19:00-де авторы Рахымжан Отарбаевтың «Ақ мұнар» атты әфсана жанрындағы қойылымының премьерасын көрермен назарына ұсынады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Сахналық нұсқасын жасаған және режиссері: Нұрлыгүл Ғалымжанқызы. «Ақ мұнар» спектаклі - қатал табиғат жағдайында өмір үшін күрескен екі эскимостың тағдырын суреттейтін философиялық шығарма. Айнан мен Емрон – Янракыннат мекеніне қарай жолға шығып, сапар барысында ақтүтек боранға ұрынып, бағытынан жаңылады. Олардың шанасын сүйреген иттердің жетекшісі - Ақ ит қатты суық пен ауыр жолға шыдамай қаза табады.
Жолда қалған адамдар мен иттердің жағдайы күннен-күнге қиындай түседі. Емрон тірі қалған иттерді аман алып қалу үшін өлген Ақ итті азық ретінде пайдалануды ұсынады. Алайда Айнан бұл әрекетті адамгершілікке жатпайтын қатыгездік деп қабылдайды. Ол Ақ итті құрметпен жерлемейінше немесе ағаш басына байламайынша, бұл жерден кетуден бас тартады. Осы бір оқиға екі кейіпкердің өмірге, өлімге, табиғатқа және адамдық қасиетке деген көзқарастарының қарама-қайшылығын ашады. Олардың арасындағы тартыс біртіндеп терең философиялық мәселеге айналып, көрерменді адамгершілік пен ар-ождан туралы ойлануға жетелейді. Қойылымда мейірім, жанашырлық, ар, ұят және жауапкершілік сияқты құндылықтардың адам өміріндегі орны сөз болады. Тіршілік үшін күрес кезінде адам өзінің адамдық болмысын сақтап қала ала ма деген маңызды мәселе көтеріледі. Спектакль көрерменді өміршең ойларға жетелейді: адамды жануардан ерекшелейтін сана мен ақыл болса, қазіргі адам өз өмірінде қандай рухани құндылықтарға сүйеніп жүр?!
Қойылым тобы: Сахналық нұсқасын жасаған және режиссері - Нұрлыгүл Ғалымжанқызы, қоюшы балетмейстері – Айгүл Амандықова, музыкалық көркемдеуші – Осман Абайдәлді, дыбыс режиссері – Даниал Балтабай, сахна суретшісі – Іңкәр Кәрімова, костюм суретшісі – Ақерке Авезханова, Жарық суретшісі – Асылбек Оспанов, сахна сайысын қоюшы – Жанат Сүйіндік.
Орындаушылар: Айнан – Оразалы Игілік, Емрон –Мұхамедсаид Бағашаров, түлкі – Аяжан Бағдат, ақ ит – Ілияс Өтетілеу, қызыл ит – Айдос Дүйісбай, өжет – Бибол Байғараев, салпаңқұлақ – Алмаз Әбденов, қошқар мүйізді – Аққанат Қуандықов. матрошкі – Қалима Наушабаева, қара әйел – Меруерт Танашева, хор қызы – Айнагүл Исмағұлова, қарағайлар – Ләззат Нәсір, Аяулым Бағзат, Дариға Қуатова, Ботагөз Қуанышова, Ақбота Нұрлан, Даяна Маратова, көпшілік сахнада – театр артистері.
Қойылым ұзақтығы: 1 сағат 30 минут.
Құрметті БАҚ өкілдері! «Музыкалық жас көрермен театрының» өнерін тамашалап, ақпараттық қолдау білдіруге шақырамыз!
Өтетін орны: Астана қаласы әкімдігінің «Музыкалық жас көрермен театры»