XIX Президенттік олимпиаданың қорытынды кезеңі басталды

XIX Президенттік олимпиаданың қорытынды кезеңі басталды
фото: Оқу-ағарту министрлігі

Астана қаласындағы №33 жайлы мектеп базасында жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша XIX Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңі басталды. Зияткерлік сайысқа еліміздің барлық өңірінен 188 оқушы қатысуда. Олимпиада 13 қарашаға дейін жалғасады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

11 (12)-сынып оқушылары математика, физика, химия және биология пәндері бойынша білімдерін сынайды. Олимпиада дарынды оқушыларды анықтауға және қолдауға, олардың зияткерлік әлеуетін дамытуға және жаратылыстану ғылымдарына қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Биыл олимпиаданың бірінші, өңірлік кезеңіне 3 690 оқушы қатысты. Екінші, іріктеу кезеңіне 406 оқушы өтіп, оның қорытындысы бойынша 188 үздік қатысушы республикалық кезеңге жолдама алды.

Қатысушылардың жұмыстарын халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ еліміздегі және шетелдегі жетекші жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттары мен PhD докторларынан құралған қазылар алқасы бағалайды.

Олимпиада қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің I, II және III дәрежелі дипломдарымен марапатталады.

Академиялық адалдық пен ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында олимпиаданың тікелей эфирі ұйымдастырылады. Трансляция сілтемелері daryn.kz ресми сайтында жарияланады.

Президенттік олимпиада 2008 жылдан бері өткізіліп келеді. Дәстүрлі зияткерлік сайыс дарынды оқушыларды қолдауға және олардың ғылыми әлеуетін дамытуға бағытталған.