Мектепте әскери-патриоттық дайындық алаңы ашылды

Мектепте әскери-патриоттық дайындық алаңы ашылды
фото: Астана қаласының әкімдігі

Елордадағы №13 мектепте «Жаубасар» әскери-патриоттық клубының оқу-жаттығу кешені ашылды. Мұнда оқушылар ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқаруды, қоян-қолтық ұрыс негіздерін, жартасқа өрмелеу және саптық дайындықты меңгере алады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жаңа кешен жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге, дене дайындығын, тәртіп пен практикалық дағдыларды дамытуға бағытталған. Сабақтар әскери қызмет жағдайларына жақындатылған дайындық элементтерін қамтиды.

«Жаубасар» клубының оқу-жаттығу кешенінің жетекшісі Әнуар Қасеновтің айтуынша, жобаның басты мақсаты – оқушылардың бойында отансүйгіштік пен жауапкершілік сезімін қалыптастырып, әскери мамандықтарға қызығушылығын арттыру.

«Балалар Отанын сүюі және оны қорғауға дайын болуы керек. Алаңда Қарулы күштерде де сұранысқа ие түрлі бағыт бойынша дайындық қарастырылған. Оқудан кейін балалар өздері таңдаған бағытта дамуын жалғастырып, алған білімдерін тәжірибеде қолдана алады», – деді Әнуар Қасенов.

Қазіргі уақытта клубта 7-сыныптың 30-ға жуық оқушысы, сондай-ақ 8 және 9-сыныптардың 20 оқушыдан білім алып жүр.

Қазақстан Қарулы күштері Арнайы операциялар күштері әскери бөлімінің командир орынбасары, майор Қыдырбек Төлепов мұндай жобалар балаларды әскери қызметтің ерекшеліктерімен таныстырып, олардың бойында тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Әскери-патриоттық клубтар оқушыларға армия өмірімен жақынырақ танысуға көмектеседі. Клуб тәрбиеленушілері түрлі жарыстар мен іс-шараларға қатысады. Былтыр балалар Ақтөбе қаласында өткен «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жиынында өнер көрсетсе, биыл Щучинск қаласындағы жарыстарда №13 мектептің намысын қорғады», – деді Қыдырбек Төлепов.

Оның айтуынша, оқушылар әскери қызметшілер ұйымдастыратын іс-шараларға да қатысады. Соның ішінде күрең беретке үміткерлердің біліктілік сынақтарын тамашалайды. Бұл оларға арнайы мақсаттағы бөлімшелердегі қызмет ерекшеліктері мен дене дайындығына қойылатын талаптарды жақынырақ білуге мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта кешендегі сабақтар оқушылардың дене дайындығын жетілдіруге, жаңа дағдыларды меңгеруіне және болашақ мамандығын таңдауға ықпал етпек.